Алматыда бірнеше мекенжайды су басты

15.04.2020 19:14

Толассыз жауған жауынның көлемі 36 милиметр болған

tengrinews.kz

Алматыда 5 мекенжайды су басты. Оған себеп, сәуірдің 14-інен 15-іне қараған түнінде толассыз жауған жауынның көлемі 36 милиметр болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Су көшелермен бірге шағын аулаларды да басыпты. Айта кетейік, 3 дерек Алатау, сондай-ақ Бостандық және Жетісу ауданында да бір-бір жәйттен тіркелді. Мамандар арықтар тұрмыстық қалдыққа толып қалғандықтан жауын суы арнадан асқан дейді. Құтқарушылар қоңырау түскен сайын көмекке баруға дайын екендерін айтады. Алып шаһарда су басудың алдын алу үшін 6500-ге жуық маман мен 1370 түрлі техника сақадай сай тұр.

Айта кетейік, былтыр төтенше жағдайлар департаменті 26 жиі су алатын аумақты белгілеген болатын. Оның тоғызы 2019-шы жылы жөнделсе, қалған 17 мекенжай бойынша биыл тиісті жобалық-сметалық құжат әзірленеді. Егер мамандар мақұлдаса, жаңадан 376 шақырым арық жүйесі салынады.

Есте болса, Алматыда соңғы үш жылда 381 шақырым арық жүйесі жөнделіп, жасалды. Оған қоса, 40 өзеннің жағасы қатайтылды.