Қазақстанның былғары қолғап шебері, бокстан әлем чемпионы Аслан Мұқанов туған жездесін өлтірді деп айыпталды, деп жазды Sputnik.
«Костанайские новости» басылымының жазуынша, 11 шілдеде күдікке ілінген боксшы қылмыс орнынан сегіз шақырым қашықтықта ұсталды.
Аслан кішкентайынан спортпен шұғылданған. Әуесқой бокста тасы өрге домалап, жоғары жетістіктерге жетті, спорт шебері атағын алды. Әрі қарай кәсіпқой боксқа ауысқан. Қостанай командасының көмегімен Мұқанов Майамиге кетіп, кәсіби рингте алты жеңіске жетті. Содан соң белгілі промоутер Нельсон Лопеспен бірге жұмыс істей бастады.
13 шілдеде Қостанай аудандық сотында тергеу тобы Мұқановты қамауға алуды сұрады. Жантүршігерлік қылмыс жасады деп айыпталған боксшы міз бақпай, жекпе-жек алдында өз-өзін іштей қайрап отырған адамдай көрінген.
«Мұқанов Пішенбаевты теріс өмір салты мен әпкесіне күн көрсетпегені үшін өлтіруді жоспарлаған. Ол алдын ала дайындаған пышақты алып, Алтын Дала ауылына жаяу барып, таңғы сағат алтыда әпкесінің есігін қағады. Есікті Пішенбаев ашқан да, жатын бөлмесіне барып жатып қалған. Мұқанов жуынып, үстіне ұзын қоңыр жейдесін киген», – деп баяндады тергеуші болған оқиғаны.
Сағат 6:40-та Аслан жездесі ұйықтап жатқан бөлмеге кіріп, Пішенбаевтың мойнына пышақ сұғады. Оянып кеткен ол қарсылық көрсетуге тырысқан. Сол кезде Мұқанов Пішенбаевтың кеудесі мен қолына тағы бірнеше рет пышақ сұққан. Содан ол тіл тартпай кеткен.
Экс-боксшыға ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімі 3-тармағы бойынша (Қарсылық көрсетуге дәрменсiз адамды қасақана өлтіру) айып тағылған. Бұл бап бойынша сотталушы 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сотта Мұқанов кінәсін мойындап, тергеушімен толық келісті. «Қайда бара жаттыңыз? Неге сізді Заречный маңында ұстады?» деген сұраққа ол:
«Өзеннен жүзіп өттім. Тауға шыққым келген еді, ауа райы жақсы болды... Содан соң ата-анам қоңырау шалды... Соңымнан келе жатқанын сезіп, полицияны күттім», – деп жауап берді ол.
Сот Асланды екі айға қамауға алуға шешім қабылдады.
Анасы Зәуре Төлебайқызы әлеуметтік желілердегі түрлі қауесеттерден шаршап, болған оқиғаның анық-қанығын айтып беруге келісіпті.
«Серік Пішенбаев қызымды алақанына салып, аялап ұстады, отбасымызға деген көңілі де ерекше еді. Күн көрсетпеді деген не сөз? Жақсы көретін, қонаққа барғанымызда бәрімізге жақсылық тіледі. Аслан екеуі ағайынды сияқты еді... Аслан Колумбияда жүргенде, ақша жіберіп көмектесті, бұл жайлы ешкімге тіс жарып айтпаған болатын», – дейді әйел көзіне жас алып.
Қайғыдан қан жұтып отырған ананың айтуынша, Асланға біреулер ықпал еткен.
«Соңғы кездері басқа әлемде жүргендей еді. Не ойлағанын білсем, үйге байлап қояр едім», – дейді ол зар еңіреп.
Әйел адамның сөзіне сүйенсек, шетелде Асланға деструктивті діни ағым өкілдері ықпал етіпті. Колумбияда тұрмысы төмендеп, әбден қиналған ол Қазақстанға оралғысы келген.
Сөйтіп, биыл 26 маусымда Аслан үйіне оралады. Ата-анасына өз ісін бастағысы келетінін айтып, достарымен сөйлесіп жүріпті. Алайда анасы ұлының өзгергенін сол кезде сезген екен.
«Күлмейтінін байқадым. Сөйлесуге телефон алып бергенбіз. Күні бойы шұқылап, өзімен-өзі, бөлек әлемде отыратын. Бір жолы маған: «Мама, білесің бе, адам өмірі сондай қысқа» – деп мойнын саусағымен кескендей етіп көрсетті. Ол кезде нені меңзегенін ешқайсымыз түсінбеппіз», – дейді Зәуре Төлебайқызы
Туған-туыстары жігіттің бұл күйіне қарап, басына түскен ауыртпалықтан күйзеліске ұшыраған ғой деп ойлаған.
Естеріңізге сала кетсек, 12 шілдеде Қостанай облысында бокстан Қазақстан чемпионы Аслан Мұқанов адам өлтірді деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Облыстағы Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, 11 шілде күні 32 жастағы тұрғынның денесі табылған. Бұл туралы полицияға қайтыс болған адамның әйелі хабарлапты.