Қайғылы оқиғалардың бірі Ұзынбұлақ, екіншісі Құлан су қоймасында болған
Түркістан облысында бір тәулікте екі бірдей бозбала суға кетіп, көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың бірі Ұзынбұлақ, екіншісі Құлан су қоймасында болған, деп хабарлайды Almaty.tv Nur.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
4 маусым күні Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «112» пультіне 15 сағат 35 минутта бірінші шақыру келіп түскен.
2002 жылы туған бозбала Түркістан облысындағы Ұзынбұлақ су қоймасында белгісіз себептермен суға батып кеткен.
«Түркістан облысы ТЖ департаментінің қызметкерлері Төлеби ауданы «Бірінші Май» елдімекеннің тұрғыны 2002 жылы туған жгітті іздестіруге көмек сұрады. Оқиға орнына іздестіру-сүңгуір жұмыстарын жүргізу үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған 5 адамнан тұратын сүңгуірлердің жедел тобы шықты», - деп мәлімдеді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі.
Оқиға орнына 16:21-де жеткен құтқарушылар жас жігіттің денесін жағадан 7 метр қашықтықтан тауып, судан шығарған.
Жедел медициналық көмек келгенге дейін құтқарушылар алғашқы көмек көрсеткенімен, нәтиже болмаған. Жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері 18 жастағы бозбаланың өлімін растады.
Дәл сол күні кешкі сағат 19.45-те тағы да құтқарушыларға шақырту түскен. Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылдық округінде орналасқан Құлан су қоймасында 17 жасар бозбала суға батып кеткен.
Құтқарушылар қас қарайғанша суға кеткен баланы таба алмапты. Тек келесі күні ғана, яғни 5 маусым күні таңғы 06.30 шамасында су түбінен бозбаланың денесі табылған.
«Тәуліктің қараңғы мезгілінің басталуына байланысты іздестіру жұмыстары келесі күні таңертеңге дейін тоқтатылды. Таңертен 5 маусымда сағат 06:29-да іздестіру-сүңгуір жұмыстарын жүргізу барысында сүңгуірлер 3 метр тереңдікте жағадан 35 метр қашықтықта денені тапты», - деп мәлімдеді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.