Тұрсынбек Қабатов халықтан кешірім сұрады

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Әртістің айтуынша, ол бұл істің басында болған емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Танымал қазақстандық әртіс Тұрсынбек Қабатов өзінің атына тіркелген көліктің адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Әртістің айтуынша, ол бұл істің басында болған емес.

«Бұл осыдан бір жыл бұрын, 2019 жылдың қазан айында болған оқиға. Менің көмекшім, жүргізушім емес. Мен рөлде өзім отырамын. Көмекшім кешке келіп, менен көмек сұрады. «Жұмыстарыммен бір жерге барып келейін деп едім» деп. Оның арты осылай аяқталатынын, шыны керек, білген жоқпын», – дейді Қабатов.

Көлікпен адам қағып кеткен көмекшісінің жүргізу куәлігі болмаған. Тұрсынбек Қабатовтың сөзінше, ол бұған дейін көмекшісінің жүргізу куәлігін көрген, алайда дәл сол сәтте оның жүргізу куәлігінен айырылғанынан бейхабар болған.

«Ол да маған айтқан жоқ. Өзінің де көлігі бар болған. Сол уақытта сынып қалса керек. Артынан оқиғаның болғанын естідім. Төбеме жай түскендей болды. Оңай болған жоқ. Сұрастыра келе марқұм өзі кінәлі екен, кішкене ішкені бар екен. Жолға жүгіріп шыққан деп жатыр. Мен марқұмның артынан жаман нәрсе айтқым келіп тұрған жоқ», – дейді ол.

Тұрсынбек Қабатовтың сөзінше, ол іске араласпаған, көмекшісінің барлық жайтқа өзі жауап беруі керегін айтқан.

«Мен ол жігітке «қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер, мен араласпаймын» деп айттым. Біреулер «Тұрсынбек ақша берді» деді. Мен ешкімге xабарласқан емеспін. Бұл іске араласқан жоқпын. Маған қойған сұрақтарға жауап бердім. Мен оның куәлігі жоғын білмеймін. Сондықтан айтарым: қазір әртүрлі ақпарат тарап жатыр, иә, мен оның басында болмасам да, көлік сенікі ғой деп кінә тағып жатқандар болса, мен кешірім сұраймын. Бірақ мен ол көліктің ішінде болған емеспін. Сіздерге айтарым осы», – деді әртіс.

Еске салайық, кеше әлеуметтік желіде қазақстандық шоу бизнес жұлдызы Тұрсынбек Қабатовтың жол талғамайтын көлігі адам қағып кеткені туралы ақпарат тарады. Қарағанды облысының полициясы бұл жағдайға түсінік берді.

«Тұрсынбек Қабатовтың атына тіркелген «Лексус» көлігін тізгіндеген Нұр-Cұлтан қаласының тұрғыны түнгі уақытта Омарқұлов.Е есімді азаматты қағып кетті, ол оқиға орнында қаза болды.

Тергеу барысында сараптама жүргізіліп, нәтижесінде «Лексус» көлігінің жүргізушісі тас жолда келе жатқан жәбірленушімен соқтығысудың алдын ала алмаған. Одан бөлек, «Лексус» көлігінің жүргізушісі жол апаты кезінде сау болған, ал жәбірленуші орташа дәрежелі мас күйде болған. Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», – дейді Қарағанды облысы бойынша ПД тергеу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмаз Саламатов.

Новости партнеров