Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болғандардың саны 7-ге жетті

27.08.2021 19:20

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев таңертең өткізген брифингте үш әскери қызметшінің байланысқа шықпай отырғанын да айтқан еді

yandex.kz

Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болғандардың саны 7-ге жетті. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары апат болған аймаққа арнайы барған арна тілшілеріне хабарлады. Ал, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев таңертең өткізген брифингте үш әскери қызметшінің байланысқа шықпай отырғанын да айтқан еді. Бұдан бөлек Тараз қалалық ауруханасында ем алып жатқандардың ішінде алтауының жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Әзірге Қорғаныс министрі оқиғаның шығу себебіне қатысты алдын ала болжамын ғана айтып отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.  

Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған өрттен кейін үш әскери қызметші және бірнеше төтенше жағдайлар департаментінің мамандары іздестірілу үстінде. Әзірге олармен байланыс жоқ. Қазір қоймада өрт қарқыны төмендеген. Ал, Қорғаныс министрі оқиғаның орын алу себебін былайша болжап отыр.

«Қазіргі уақытта құрылған жедел тергеу тобы оқиғаның шығу себебін анықтап жатыр. Алдын ала нұсқа қауіпсіздік талаптарын бұзу болуы мүмкін. Өздігінен латералды химиялық реакция болуы да ықтимал. Түрлі себепті жоққа шығармаймыз. Қаза тапқандардың арасында азаматтық тұлғалар жоқ»,– деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Оқиға орнында 10-нан астам жарылыс болған. Министрдің сөзінше, бұл әскери бөлімде тек инженерлік оқ-дәрілер сақталады. Олардың бір бөлігі осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан жеткізілген.  

«Инженерлік оқ-дәрілер жарылған кезде алысқа ұшпайды. Өз орнында жарылады. Тек күшті толқын болуы мүмкін. Бұл қоймада ең қауіпті оқ-дәрілер аз көлемде сақталған және олар жарылған жағдайда таралу аумағы 3 шақырымға дейін жетеді»,– деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Қазіргі таңда әскери бөлімге жақын орналасқан 3 елдімекеннің 700-ден астам тұрғындары эвакуацияланған. Алайда оның 500-ден астамы жақындарының үйін паналауды жөн көріпті. Қазір қалған тұрғындар 10 мектеп пен 5 колледжге орналастырылған. Теміржол мен автомобиль жолдары әлі де жабық.

«Саперлер жұмыс істеп жатыр. Олар теміржолдың бойын тазартып бітеді, одан кейін теміржолшылардың өздері барып қарайды. Содан соң бірігіп шешім қабылдайтын боламыз. Тауар таситын, жолаушылар тасымалдайтын көліктер үшін жол алдағы уақытта ашылады. Ал көліктерге айналма жол ұйымдастырдық. Негізгі жол оқиға болған жерге жақын болғандықтан уақытша жабық»,– деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысында эвакуацияланған елді мекендерді тәртіп сақшылары күзетіп тұр. Ұрлық-қарлық, бұзақылықты болдырмас үшін полиция департаментінің 300 полицейі мен 47 автоэкипажы, сонымен қатар Ұлттық ұланның 520 әскери қызметшісі жұмылдырылған. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі әскери қоймадағы өрттің тұтануы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 462-бабына сәйкес, яғни қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу соталды тергеу басталғанан хабарлады.

Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы