Алматы облысы аумағында жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 257 дерегі тіркелген
Алматы облысында заңсыз ауланған балық партиясы тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік жүксалғышынан шыққан балықтардың жалпы салмағы – 730 келі тартты. «Фольксваген Транспортер» шағын автобусын полицейлер Ескелді ауданының аумағында тоқтатқан. Жүргізуші көлігіндегі жарты тоннадан асатын балыққа ешқандай заңды құжатын көрсете алмапты. Ірі көлемде балықты заңсыз тасымалдаумен айналысқан азаматтардың ақпаратына сәйкес, балықты Текелі қаласында сату мақсатында әкеле жатқан. Көліктегі балықтар тәркіленіп, тиісті қабылдау орындарына өткізілді.
Балықтан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша мемлекетке келтірілген материалдық шығын анықталып жатыр. Тиісті тексерулерден кейін нақты процессуалдық шешім қабылданады. Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, Алматы облысы аумағында жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 257 дерегі тіркелген.
Нәтижесінде 3 тоннаға жуық балық тәркіленген. Браконьерлікпен айналысқан тұлғалардан 3 қайық пен 121 құқық бұзушылық жасау құралы, оның ішінде 30 мылтық табылып, тәркіленді.