Шаңырағын қызыл жалын жалмап, далада қалған отбасы көптен көмек сұрайды

Almaty.tv
Almaty.tv
51 жастағы Бақыт Әшірбеков – 8 перзенті мен зайыбының жалғыз асыраушысы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шелекте шаңырағын қызыл жалын жалмап, шиеттей бала-шағасымен барар жер таппай қалған отбасы көптен көмек сұрайды. Еңбекшіқазақ ауданында жалдамалы үйде тұрған көпбалалы жанұя қас қағым сәтте бар жиған-тергенінен айырылып, 8 перзентімен далада дымсыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы іргесіндегі Шелек ауылында тілсіз жау ойламаған жерден 39 шаршы метр үйдің ішін күлге айналдырды. Оқиға болған күні 3 айлық сәбиін емдетуге шыққан отбасы, үйіне оралып баспаналарының көк түтінге оранғанын көреді. Өрт сөндірушілер 10 минут шамасында жетіп, алапат жалынды өшіргенімен, барлық дүние мүліктің ішінен тек «Алтын алқалы ана» төсбелгісі мен кітапшасы ғана қалған.

Сегіз баланы бағып-қағып, тәубе етіп тұрып жатқан баспананың орнында бүгін күл мен қоқыс қана қалды. Шаңырақты шайқаған тілсіз жау ескі пештен ұшқан кішкене шоқтан басталған. Артынша қызыл жалын үйді толық жалмап, отбасы киім-мүліксіз, құжатсыз далада қалған.

– Есікті ашқаным сол еді, артымнан қара түтін айдап кетті. Су алып шашайын деп жүгірдім. Қызым «өрт сөндіру қызметіне хабарласайық» деді. Түк жоқ, құжат өртеніп кетті. Бұл үйді жалдап тұратынбыз. Ешкімге ешуақытта алақан жайған емеспіз. Қиын-қыстау заманда ел-жұрт 100 теңге берсе де, қуанып жатырмыз, – деді Шелек ауылының тұрғыны Әдемі Баймолдинова.

Қайғылы оқиға болған күні отағасы көрші ауылға жұмысқа кетіпті. Құрылыста нәпақа тауып жүрген ер азамат үйіне оралғанда көз алдында жылаған баласын көріп есеңгіреп қалған. 51 жастағы Бақыт Әшірбеков – 8 перзенті мен зайыбының жалғыз асыраушысы. Соңғы жылы жұмыс барысында белін зақымдап, еңбек етуі қиындап кеткен.

– Аллаға мың шүкір, бала-шағам аман. Амал жоқ, келсем ештеңе жоқ, бәрі өртеніп кеткен. Құрылыста жүремін, құлап, белімді ауыртып алдым. Амал жоқ, отбасын асырау керек, – деді  Шелек ауылының тұрғыны Бақыт Әшірбеков.

Қақаған аязда далада қалған отбасыға Шелек ауылының әкімдігі 2-3 ай паналай тұрыңыздар деп уақытша баспана берген көрінеді. Аудандық билік өкілдері тарапынан құжаттарды қалпына келтіруге көмек көрсетіліп, барлық бүлдіршіндерге кітап-жабдық пен кеңсе заттары беріледі. Ал көпбалалы ананың басты арманы – әркімнің табалдырығын тоздырмай, баспаналы болу. Себебі, бала-шағасы қайғылы оқиғадан соң сырқаттанып, денсаулығы сыр беріп жүр. Әкімдік берген шаңырақты жылытудың өзі қиынға соғатын көрінеді.

– Бұл – үкіметтің үйі, отбасылық жағдайын ретке келтіргенше сол үйде тұрады. Ол кісілер Шелек ауылдық округінен жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін кезек бойынша учаскесін алған. Егер үй саламыз десе, көмектесеміз. Отбасының жағдайы ерекше бақылауда болады, – деді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ертай Нұрмаханов.

Қазір Әшірбековтер отбасы қиын-қыстау кезеңді басынан кешіріп жүр. Оқыс шыққан өрттен кейін түгі қалмаған жанұя ендігі жерде жомарт жандардан демеу сұрауға мәжбүр. Көмек қолын созамын деуші азаматтар болса, көпбалалы ананың байланыс нөмірі көсетілген.

Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Ашімжанов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысынан

Байланыс нөмірі: 87051530554 Әдемі Баймолдинова

Оқи отырыңыз: Ұлытау облысына қарасты тас жолды су шайып, адамдар жолда қалды

Новости партнеров