Жамбыл облысында арқанға асылған азамат ауруханада екі күн жатып есін жиды. Өмірімен қорасында қоштасқысы келген тұрғын оянғанда осы дүниеде екенін бірақ біліпті. Айтуынша Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің инспекторы суицидке баруыма себепкер дейді. Айтқанына көнбеген, айдауына жүрмеген соң қысым көрсетті деп айыптайды. Ал тәртіп сақшысы бұл жасаған қылмысынан жалтару үшін арнайы құрған жоспары екеніне сенімді деп хабарлайды 31 арна.
Өзіне-өзі қол салған Нұрбол Тұтқабаев әу баста өлгеніне сенімді болыпты. Алайда көзін ашқанда аудандық ауруханада жатқан.
«Мен білмеймін. Көзімді ашсам ауруханада жансақтау бөлімінен шығарып, палатаға әкеле жатыр екен. «Маған не болды?» – деп сұрадым. Олар асылып қалғанымды айтты», – дейді Нұрбол Тұтқабаев.
Осылайша о дүниенің табалдырығынан қайтқан Нұрбол амалсыз өлгім келді дейді. Айтуынша, Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейтін туыс ағасының малын баққан. Осыдан екі ай бұрын өрісте 3 тайды жоғалтыпты. Кейін екеуі көрші ауылдан табылған. Сөйтсе өзі сатып жібергенін мойындапты. Ал мал иесі саттым емес, қорқытып тартып алды деп арыз жазуға мәжбүрлегенін айтады.
«Осындай уақытта маған келіп, тапанша тақап, малды қорқытып алып кетті деп жаз деді», – дейді Тұтқабаев.
Осылайша жала жабуға арым жібермеді деген Нұрбол суицид жасауға бел шешкен. Ал полиция капитанының сөзінше, бұл арнайы құрылған тұзақ. Себебі Нұрбол мен ұрланған мал шыққан азамат аймаққа аты шыққан әккі барымташылар екенін айтады.
«Мен оны мәжбүрлейтін болсам, сол кезде, Жаңа жылдың алдында асылып қалар еді. Одан бері қаншама уақыт өтіп кетті», – дейді аудандық полиция бөлімінің инспекторы Ерлік Бейсенов.
Ерліктың айтуынша, Нұрбол оқиғаны басқаша өрбіту үшін осындай әрекетке барған. Себебі Нұрбол бұған дейін де мал ұрлап, асылып қалмақ болған, дейді.
Капитан аймақтағы әккі ұрыларға полициядағы жоғары лауазымды бір тұлға қамқорлық көрсетеді деп күдіктенеді.
«Мен жоғалған жылқымды тауып алғанда, ішкі істер бөлімінің басшысы қоңырау шалды. Мен ол кезде ешкімге хабар берген жоқпын. Ол кісіге кім хабарлады, сол маған жұмбақ. Жылқымды тапқанымды қайдан біледі?» – дейді полиция бөлімінің инспекторы.
Осылайша басшысы хабарласып, істі жария қылмауға көндірген кейіп танытқан. Ал Полиция департаменті Ерлік Бейсеновке қатысты қызметтік тексерісті бастап кетіпті.