Түркістан облысында ер адам жүргізуші куәлігін жасап беремін деп тұрғынның атынан үш бірдей несие алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағым түсірді.
Жәбірленуші азаматтың айтуынша, ол осы жылдың тамыз айында бейтаныс ер адаммен танысқан. Содан әңгіме барысында ол жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, әбден сендірген.
Осыдан соң жәбірленуші бейтаныс ер адамға жеке куәлігінің көшірмесі мен 250 мың теңге ақша берген.
Алайда 1 апта ішінде бітеді деген жалған уәде 2 айға созылған. Жәбірленуші не ақшасын, не куәлікті ала алмағаннан кейін полицейлерден көмек сұрайды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды. Алаяқтық қылмысына байланысты полиция қызметкерлерінен тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар бұрын сотты болған жергілікті тұрғын анықталды.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам жәбірленуші азаматтың сеніміне кіріп, аз уақыт ішінде жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтқан. Сондай-ақ, күдікті жәбірленушінің ақшасын ғана алып қоймай, оның жеке куәлігі арқылы атынан 3 бірдей несие рәсімдегені анықталды.
Жалпы шығын көлемі – 3 млн теңге. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.