Павлодар қаласы Қайырбаев көшесі, 98 мекенжайы бойынша орналасқан көп қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында төрт бөлмелі пәтер жанған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы ТЖ басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Бертыбаевтың айтуынша, төртінші қабатта тұратын 8 жасар ұл бала «101» нөміріне қоңырау шалған.
Бүлдіршінді сыртынан жауып кеткен және өздігінен сыртқа шыға алмаған.
Өрт шыққаны туралы хабарлама сағат 10.57-де кезекшілік бөліміне келіп түсті. 10 шаршы метр аумақта жиһаздар мен үйдегі заттар жанып кеткені анықталды. Төртінші қабаттан 8 жасар бала құтқарылды. Сондай-ақ төртінші және бесінші қабаттан өрт сөндірушілер 18 адамды сыртқа алып шықты. Оның алтауы – балалар.
Оқиға орнында жеке құрамнан 18 адам мен алты техника, медицина апаттары орталығынан үш адам мен бір техника жұмыс істеді.
Тілсіз жаудың шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда.
Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ.
Өрт сағат 11.29-да ауыздықталған.