Шымкенттегі атыс: күзетші саусағынан айырылды

21.02.2023 19:24

Оқиға орнына күзет агенттігінің қызметкерлері барған және олар мен белгісіз қарулы адам арасында атыс болған

дереккөзден

Шымкентте атыс кезінде жарақат алған күзетші сол қолының саусағынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері атыста жараланған күзет қызметкерінің жағдайын айтты. 20 ақпанда сағат 15:10-да ауруханаға 1971 жылы туған ер адам оқ жарақаты және сол қолындағы саусағы жараланып түскен.

"Сол қолдағы бірінші саусағының негізгі фалангасы деңгейінде ампутация жасалып, жараны бастапқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланды. Осыған байланысты ол тұрғылықты жері бойынша емханаға одан әрі амбулаторлық емдеуге жіберілді", - деді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сауран Әлдеков.

Еске салайық, 20 ақпанда сағат 14:40-та Шымкент қару-жарақ дүкенінде дабыл түймесі іске қосылды. Оқиға орнына күзет агенттігінің қызметкерлері барған және олар мен белгісіз қарулы адам арасында атыс болған. Нәтижесінде күзетшілердің бірі жараланды. Оқиға орнынан қашып кетуге тырысқанда, қарулы адамды патрульдік полицейлер мен Тұран АПБ криминалдық полициясының жедел уәкілі ұстады.