Биыл БҚО-да 48 нәресте шетінеп кетті

20.06.2022 19:26

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, былтыр БҚО-да 108 нәресте көз жұмған

ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 48 шақалақ көз жұмды. Бұл деректі өңір әкімі Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Биыл облыста 48 нәрестенің өлімі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көп. Өлім деректерінің артуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біз жүргізген зерттеулер нәтижесінде шетінеген шақалақтардың көбінде туа бітті дерттер болғаны анықталды. Ал медицина мамандары тарапынан кеткен қателіктер болса, біз оларды қатаң жазалаймыз. Қазіргі таңда тиісті министрлік әр оқиға бойынша жеке талдау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мойындау керек бізде медициналық құрылғылардың жетіспеушілігі байқалады. Бұл да бала мен ана өлімінің көбеюіне себеп болып отырған шығар»,- деді облыс әкімі.

Ғали Есқалиев өлім-жітім деңгейін төмендету үшін білікті дәрігерлер тарту және ауруханаларды медициналық құрылғылармен жабдықтау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, былтыр БҚО-да 108 нәресте көз жұмған.

Дереккөз: ҚазАқпарат