Жамбылдағы жарылыстар: әбден шошынған ауыл тұрғындары көшіруді сұрап отыр

12.10.2021 00:02

Жамбыл облысында тағы да жарылыс болды

Almaty.tv

Жексенбіде болған тағы бір жарылыстан соң, Жамбыл облысы Қайнар ауылының тұрғындары жаппай көшіруді сұрап отыр. Еске салсақ, бұл елдімекен 28/349 оқ дәрі қоймасына ең жақын орналасқан ауыл. Ал жергілікті билік дүмпулер әлі де болуы мүмкін дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Жексенбіде жамбылдық жұрт осы дүмпуден шошып оянды. Жарылыс таңғы сағат 7.20-да болды. Ол осыдан бір жарым ай бұрын дәл сол әскери бөлім аумағы өртке оранған еді.

«Жарылыс әскери бөлімнің ішіндегі жарылғыш заттарды жинайтын орында болды. Бүгін жексенбі болғандықтан, онда әскерилер болған жоқ.  Ауыл адамдары да аман. Қолданыстағы қарулар емес, жиналған қарулардың қалдықтары жарылып кеткен», – деді Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухаринова.

Жарылыстың неден болғаны белгісіз. Қазір онда әскерилер «Скайларк» ұшқышсыз ұшу аппаратымен зерделеуде. Бірақ қауіп сейілді деуге де келмейді. Әкімдік дүмпулер әлі де болуы мүмкін деп мәлімдеме жасады. Мұны естіп шошынған халық ауылды көшіруді сұрап отыр.

«Қатты атылды. Бәріміз қаштық. Қорқамыз ғой, қалай қайтып барамыз дестік. Мен неге алдайсыңдар деп айттым», – деді Қайнар ауылының тұрғыны Қалимакүл Үсімбаева.

«Қайталанатын болса, басқа жаққа көшірсін. Ақыры жарылмайтынына өздері сенімсіз ғой. Біз енді мына жақта тұра алмаймыз», – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Жанар Сүйіндікова.

Дегенмен, әкімдік Қайнар ауылын көшіруді қарастырмаған да екен.

«Біз қазір халықпен сөйлесіп шықтық. Қазіргі таңда көшіру мәселесін көтеріп жатқанымыз жоқ. Егер қауіп болатын болса, тиісті шешім қабылдаймыз», – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.

Бұл жолғы дүмпу айтарлықтай залал келтірмеген. Бірнеше үйдің терезесін шағып, әскери бөлімдегі ғимараттардың есік-терезесін сындырған. Қазір аталған факт бойынша әскери штаб мүшелері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, қазір Қайнардағы құрылыс толықтай тоқтады. Ауылға кіріп шығу да шектелген.

Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан