Теміртауда жаппай төбелес кезінде оқ атылған. Оқиғаны сол маңдағы тұрғындардың бірі түсірген. Кейін ол жазба әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Almaty.tv
Кадрдан бір топ адамның көлікке шабуыл жасағанын көруге болады. Ал, жүргізуші оларды көлікпен соғуға тырысады. Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұловтың айтуынша, бұзақылық ниетте оқ атқан күдікті ұсталған. Анықталғандай, 30 жастағы қала тұрғыны жарақат алған ер адамның үйіне барған. Екеуі сөзге келіп, арты төбелеске ұласыпты.
«9 тамызға қараған түні полиция бөліміне хабарлама түсті. 27 жастағы қала тұрғыны түрлі дене жарақаттарымен Орталық қалалық ауруханаға жатқызылған. 20-37 жас аралығындағы төрт күдікті ер адам ұсталды. Полицейлер қақтығысты 30 жастағы ер адам бастағанын анықтады. Ол үйдің ауласында жәбірленушімен жанжал кезінде оған травматикалық қарудан оқ атқанын мойындады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды»,– деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.