Екі қабатты саунадан шыққан өрт сөндірілді

29.10.2021 19:31

Өрт сөндірушілер 200 шаршы метрге тараған өртті өшірді

inform.kz

Алматыда сауна өртеніп, маңайдағы кәсіпкерлер мен тұрғындарды әуре-сарсаңға салды. Қызыл жалын кешкі уақытта мегаполистің Алатау ауданына қарасты Сұхамбаев көшесінде орналасқан екі қабатты нысанда лапылдап, таралу аймағы 200 шаршы метрге тарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды толық ауыздықтады. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

Тұрғындардың көбі бұл уақытта маңайда болмапты. «Әлеуметтік желіден көре сала, жұмысымызды тастап, үйге қарай асықтық» дейді.

«Неден болғанын білмеймін. Әйтеуір, ел-жұрттың бәрі әуре-сарсаң болып, жүгіріп шығып қарады. Мен де қарадым. Күндіз тыныш болған, аяқасты болды», – дейді куәгер Жадыра Рахымбаева.

Екі қабатты нысандағы өртті 44 минутта сөндірген төтенше жағдай қызметі жапсарлас салынған үш қабатты нысанға таралу қаупінің алдын алды.

«Дереу өртті сөндіріп және қорғау үшін оқпандарды енгізіп, штат құрылып 2 өртке қарсы өнгерлік участкеге құрылды. Газ-түтіннен қорғау қызметі ондағы адамдардың бар жоғына барлау жұмыстары жүргізілді», – деді Алатау аудандық ТЖБ бастығы Нұрлан Таубеков.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, нысанның екінші қабатында орналасқан сауна өртеніп, маңайына қауіп тудырған. Қызыл жалынның бірінші және екінші қабаттарға өтіп кетпеуі үшін тиісті шаралар қолданды.

Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы