Түнде Жамбыл облысының Шу қаласында болған өрттен екі кішкентай бала көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға желтоқсанның 2 жұлдызынан 3-іне қараған түні болған. Шу қаласындағы жеке үйлердің бірінен өрт шыққан. Жергілікті департамент дерегінше, қызыл жалын жалпы ауданы 30 шаршы метр аумақты шарпыған. Үй заттары мен барлық жиһаздар отқа оранған.
«Өрт сағат 00:10-да оқшауланып, сағат 00:35-те «СПиАСР» мемлекеттік мекемесінің күшімен жойылды. Оны сөндіруге 4 қызметкер және 1 техника жұмылдырылды», - деп мәлім етті ТЖД баспасөз қызметінен.
Құзырлы орган мәліметінше, тілсіз жау ауыздықталғаннан кейін оқиға орнынан 5 және 2 жастағы екі баланың мәйіті табылған.