НұрАлатау ықшамауданындағы өрт: тұрғындар неге алаңдайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қызыл жалын кеше түс ауа басталып, кешқұрым бірақ сөндірілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Бостандық ауданына қарасты НұрАлатау ықшамауданында өрт шықты. Қызыл жалын кеше түс ауа басталып, кешқұрым бірақ сөндірілді. Бірақ отты өшіру төтеншеліктер үшін біраз қиынға соқты. Ал, шөп құрғағаннан тұтанды деген мамандардың пікіріне жергілікті тұрғындар келіспей отыр. Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт толығырақ айтсын.

Қызыл жалын туралы хабарлама төтенше жағдайлар департаментіне жергілікті халық тарапынан сағат 15:22-де келіп түскен. Оқиға орнына бірден төтеншеліктер жұмылдырылған. 13 бірлік техника мен жеке құрамнан 50 өрт сөндіруші келгенде өртті бірден ауыздықтау мүмкін болмаған. Себебі біздің түсірілім тобы көтерілген мына аймақ 500 метр биіктіктен асады.  

Апат орнына бірден жеткен өрт сөндірушілер 1 гектардан аса аумақта қураған шөптер мен жасыл желектің жанып жатқанын анықтаған. Алайда су сепкіш техникалар 75 градус қияда таудың басына шыға алмағандықтан төтеншеліктер жаяу көтерілуге тура келді.

«Алғашқы күш үйлерді қорғап қалуға жұмылдырылып, үйлерді қорғап қалдық. Таулы аймақ болғандықтан техникалардың да шығуына кедергі болды. Бірақ соған қарамастан арнайы қол құралдары мен ермак құрылғысымен құрғақ шөптің жануын толықтай сөндірдік», – деді Бостандық ауданы ТЖБ бастығы Еркебұлан Қасенов.

Ал, төтеншеліктер оттың неден тұтанғаны белгісіз дейді. Тек, күннің қатты ысуынан құрғаған шөптер тұтанған болуы мүмкін деген болжам ғана айтты. Алайда сол маңдағы тұрғындар бұл пікірмен келіспейді. Себебі бұл аймаққа келетін демалушылар көп болғандықтан, бәзбіреудің қатысы бар деп санайды.

БЛИЦ:

«Расымен де, келгенде өрттің тез тарап кеткенін көрдік. Біз осында демалуға келгендер от жағып, өшірмеген немесе шылымды сөндірмей, қураған шөпке тастаған деп ойлаймыз», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Александра Вахтерова.

«Үйіміз өртеніп кете ме деп қатты қорықтық. Көршім бар, қария кісі. Тіпті, сондай қарттарымызға дейін жерді қазып, топырақ себу арқылы өртті өшіруге тырыстық», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Камиль Кулиев.

Кеше түс ауа басталған тілсіз жау кешкі сағат 6-ға таман бірақ өшірілді. Дегенмен, сақтық үшін төтеншеліктер түнгі кезекшілік жасады. Айта кетейін, қызыл жалыннан ешкім зардап шеккен жоқ.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров