Аза тұту: Қаза болған боздақтардың жақын достары елеске айналған әріптестері жайлы естеліктерді бөлісті

29.08.2021 19:39

«Қайғының емі – көңілқос»

«Қайғының емі – көңілқос». Жамбыл облысындағы жарылыста ерен ерлігімен жанпида болған ержүрек азаматтарымызды ұлықтау шаралары жалғасып жатыр. Қазір сол өңірдегі саябақтар мен өрт сөндіру ғимараттарының алдында гүл қою рәсімдері ұйымдастырылып, тұрғындар қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып жатыр. Осы ретте, қаза болған боздақтардың жақын достары елеске айналған әріптестері жайлы естеліктерді бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аза тұтқан халық «Бейбіт күннің батырлары» ешқашан ұмтылмайды дейді.

Бейбіт өмірде батыр атанған азаматтарды еске алу рәсімі Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ғимараты алдында ұйымдастырылды. Жарылыс кезінде ерлікпен қаза болғандардың суреттері шығарылып, қала халқы гүл шоқтарын қоюда. Қыршын кеткен Тәңірберген Құдайбергенұлының жақын досы марқұммен 5 жылдан аса бірге қызмет еткенін айтады. Баспаналы болуды армандаған азамат, мақсатына қол жеткізе алмай кетіпті. Артында шырылдаған 3 балапаны мен аяғы ауыр келіншегі қалды дейді әріптесі.  

«Ең алғаш шыққан шақырту, өрт бәрі есімде. Ол кісі қалай кіру керек екенін, қалай жүру керек екенін үйретті маған. Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлаған кісі. Бір адамды ренжіткен емес. Өрттен қайтқан емес. Бірінші болып кіретін. Өртті сөндіретін. Өрт дегеніне жетті. Тәтемізді алып кетті ортамыздан. Батыр олар. Бейбіт елдің батыры, бейбіт өмірдің батырлары. Жандары жәннатта болуын тілеймін», – деді Т. Төребековтың досы Әліби Абдулла.

Ал, батырларды еске алуға келген қала халқы «Қайғыны бөліссең азаяды» дейді. Осындай жағдайда қауіпті біле тұра, жанпида болғаны халқына, қызметіндегі борышына деген адалдығы деп білетіндерін жеткізді көпшілік.

«Онда барған азаматтардың әрқайсысы батырға лайықты іс атқарды. Оған екінің бірі бармайды ғой. Қайғыларына ортақпыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, мынау бүкіл Қазақстан болып барлық салада мынау құтқару саласы болсын, министр қызметкерлері болсын, барлығы көмектесіп, әкімшіліктен болсын, барлығы ұйымдастырып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бәрі көмек беріп жатыр», – деді Байзақ ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Асқар Бекбауов.

«Осы төтенше жағдайда қаза болған бейбіт күннің батырларына мектеп ұжымы болып біз көңіл айтамыз. Болашақта бұндай қайғылы күндер болмасын, аман-саулықта болайық», – деді Байзақ ауданы С. Абланов атындағы мектеп директоры Маржан Шартықбаева.

«Бірлігі мығым елге қайғы да ортақ». Айта кету керек, қайғыра көңіл айтқандар  қатарында қоғам белсенділері мен әскери шенділер де бар. Жарылыс кезінде жанқиярлықпен қаза болған азаматтардың есімі мәңгі алауға айналмақ.  

Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы