Жамбыл облысында тау бөктерінде жайылып жүрген бір үйір жылқы найзағай соққысынан арам қатты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Табиғаттың тосын мінезінен 7 отбасының малы қырылып қалған. Айдың күннің аманында барынан айырылғандардың ішінде несие алғандар да бар көрінеді. Енді шаруалар шығынын кімнен өндірерін білмей дал.
– Таудағы фазенданы, ауылдағы кішігірім үйді кепілге қойдым, ақша алдым. Сөйттім да мал алдым. Ойда жоқта қырылып қалды. 5 миллион шығынға ұшырадым өзім, – деді Тереңөзек ауылының тұрғыны Нұрболат Мырзақұлов.
Мұндай жағдай аймақта бірінші рет болып отыр. Әкімдіктегілердің сөзінше, мал шығыны тек төтенше жағдай жарияланған жағдайда немесе жаппай ауру тараған кезде ғана төленеді. Әзірге мамандар тау ішінде жатқан жылқыларды залалсыздандырумен айналысып жатыр.
– Комиссия құрамына құзырлы органдар мен заңгер мамандар енгізіліп отыр. Қазір зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселе аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында, – деді Т. Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев.