Қаладағы инфрақұрылымның 90 пайызы қалпына келтірілген
Арыс оқиғасына 1 жыл. Осы уақыт аралығында қаладағы инфрақұрылымның 90 пайызы қалпына келтірілген. Жарылыс болған аумақтың ауданы 500 гектардан асады. Қала көшелерінен бір жыл ішінде 380 мыңға жуық оқ-дәрі шығарылыпты. Оның 300 мыңға жуығының жарылыс қаупі бар. Бұл туралы Қазақстан Қарулы Күштері оқ-дәрілерді есепке алу және қамтамасыз ету басқармасының басшысы Нұрәлихан Асанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бір жыл бойы Арыс қаласынан төтенше жағдайдың салдарын жою жөнінде құрама отряд жұмыс істеді. Ай сайын саперлар мен басқа да әскери мамандар ротацияға сәйкес өзгеріп отырады. Іздестіру топтары, мин-инженерлік барлау және минасыздандыру топтары жақын маңдағы ауылдық округтердің 300 шаршы шақырымнан астам егістік алқаптарын қарады. Мобильді іздестіру саперлік тобы жергілікті тұрғындардың 740-тан астам өтінішін пысықтады. Соның арқасында 4,5 мыңнан астам оқ-дәрілер залалсыздандырылды. Сүңгуірлер Арыс өзенінің 30 шақырымнан астам арнасын тазалады», – деді ҚР ҚК Оқ-дәрілерді есепке алу және қамтамасыз ету басқармасының басшысы Нұрәлихан Асанов.
Ал, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек шаһардағы кейбір үйлердің сапасыз салынуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, 7 мың 200-ге жуық үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Қала бойынша 8 мыңға жуық үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде бірен-саран осындай жағдайлар болуы мүмкін. Бұл мәселе заң шеңберінде шешіледі. Егер тұрғын жөндеу жұмыстарынан кейін үйінен белгілі бір жасырын ақаулар шыққан жағдайда, біз мердігер компанияны шақырып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз. Ол келісім шартта көрсетілген. Жыл басынан бері мұндай жағдайлар болды. Тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», – деді Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жарылыс болған еді. Апат салдарынан 4 адам қаза тапты. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.