Қаза болғандар саны Аян Шәріпбаевты қосқанда 4 адамға жетті
Нұр-Сұлтанда бір ай бойы ес-түссіз жатқан сегіз жасар бала қайтыс болды. Ол Арыста болған жарылыстан зардап шегіп, санавиациямен елордадағы № 2 балалар ауруханасы жеткізілген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аян Шәріпбаевтың өлімі туралы ақпаратты қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Бұған дейін дәрігерлер, оның жағдайын өте ауыр деп бағалаған болатын.
«Жағдайы ауыр болғандықтан, барлық профессорлардан, тіпті Мәскеуден келген нейрохирургтен кеңес алған болатын. Баланы құтқару үшін барлық жағдай жасалды. Дегенмен де бүгін таңертең сағат 9-да бала қайтыс болды. Барлық туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Әйгерім ЛЕБАЕВА.
Естеріңізге сала кетейік, 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында бірнеше жарылыс болып, қала түгелімен эвакуацияланған еді. Салдарынан 409 адам медициналық көмекке жүгініп, 80-і ауруханаға жатқызылған. Ал, қаза болғандар саны Аян Шәріпбаевты қосқанда 4 адамға жетті. Оның екеуі әскери қызметкер, біреуі жергілікті тұрғын болатын.