Жезқазғанда алапат өрт болды. Қызыл жалын «Kazakhmys Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылу электр орталығынан шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқыс жағдай сағат кешкі 19.00 шамасында болған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, тілсіз жау шарпыған аумақтың көлемі 100 шаршы метр. Өрт салдарынан қаладағы тұрғын үйлер мен кеңсе ғимараттары жарықсыз қалған. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындарды электр энергиясымен толық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар дер кезінде қабылданғанын айтты.
«Электр цехтың сым қабатындағы жарамсыз шамдар, жоғары вольтты басқару кабельдері және бес блок терезе өртенді. Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күшімен электр цехынан жеті адам эвакуацияланды. Өрт 20:11-де сөндірілді», – деді облыстық ТЖД өртті мемлекеттік бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Жақыпбаев.