3 ақпанда «Петропавл-Алматы» бағытында келе жатқан пойыздан өрт шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.
ҚТЖ-ның хабарлауынша, 3 ақпанда сағат 21:57-де Қарағанды облысының Аршалы – Анар учаскесінде құрамның соңында орналасқан техникалық вагондағы өрттің салдарынан №105/106 «Петропавл – Алматы» пойызының қозғалысы тоқтатылған. Пойызда 235 жолаушы болған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірілді.
Жолаушыларды ауыстыру және Алматы станциясына дейін жеткізу үшін Астанадан 7 купелі және бір плацкарттық вагоннан тұратын бір реттік пойыз жөнелтілді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ арнайы құрылған комиссиясы болған оқиғаның себептерін тексеруге кірісті.
«Стандартты вагондардан жасақталған пойызда жолаушыларға, багажды, жүк-багажды және теміржол көлігімен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларына сәйкес белгіленген тәртіппен жол жүру құнының айырмасы төленеді», – делінген хабарламада.