Жойқын жарылыстан зардап шеккендер саны 100-ге жуықтаған
Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстан зардап шеккендер саны 100-ге жуықтаған. Оның ішіндегі 49-ы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері. Оқыс оқиға кеше кешке Байзақ ауданындағы әскери бөлімшеде басталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеше кешкі сағат 18:47-де Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт шықты. Қызыл жалынды ауыздықтауға 40-қа жуық техника мен 114 адам жіберіледі. Бірақ өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралған. Салдарынан бірнеше жарылыс болады.
Бейбіт күнде қатты дүмпуден шошынған халық Байзақтан басқа жаққа кетуге кіріскен. 19.15-те әскери қалашықтың 16 үйінің тұрғыны мен сол маңдағы тағы 3 елді-мекеннің халқы эвакуациялана бастайды.
«Байзақ ауылының адамдарын әкеліп жатырық. Көмек керек. Ауылда көп адам қалып кетті», – деді ерікті жүргізуші.
Түнгі 21.00-22.00-де темір жолдар мен «Алматы-Тараз» тас жолындағы қозғалыс тоқтаған. Жедел түрде арнайы комиссия құрылып жауапты министрліктердің басшылығы сағат 22:00-де Жамбыл облысына ұшып келеді. 23:30-да Тараз қалалық ауруханасына 51 адам, ал Байзақ аудандық ауруханасына 10 адам жатқызылған. Соңғы жеткен ақпарға сенсек жарылыстан зардап шеккендер саны 100-ге жуықтаған. Оның ішіндегі 49 төтеншелік ауруханада жатыр.
«Анашым окопта жатырмын, кейін хабарласам» деп айтты. Содан кейін телефоны сөніп қалды», – деді зардап шеккен өрт сөндірушінің анасы Нұршат Өмірбаева.
Өрттің нақты неден болғаны әлі де белгісіз. Алдын ала жасалған болжам бойынша қоймадағы өртке сақталған патрондардың жануы ықтимал. Сондай-ақ мамандар 500 тоннадан астам жанғыш тротил сақталғанын мәлімдеді.
Назкен Еркін, Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы