Ақтөбе облысында жолаушылар пойызы локомотивпен соқтығысты

05.03.2023 20:37

Оқиғаның себебі анықталуда

Фото: t.me/qr_tjm

Ақтөбе облысында жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сенбі күні Шалқар ауданының Біршоғыр стансасында маневрлік тепловоз Бішкек-Самара бағытындағы жолаушылар пойызымен соқтығысты.  Вагон рельстен шығып, апаттық жағдай орын алды. Жолаушыларға дер кезінде көмек көрсетіліп, пойыз қозғалысын қалпына келтіру үшін барлық күш жұмсалды.


«Оқиға орнына департаменттен 6 адам, техника шықты. Жергілікті атқарушы органннан 5 адам және де теміржол полициясынан 3 адам келді. 2 вагон жолдан шығып кеткен, адамның бәрі аман», – деді облыстық ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.

Пойызда барлығы 200-дей адам болған. Олардың арасында отандастарымыздан бөлек, Қырғызстан және Ресей азаматы бар.

Облыс жолдарында ірі жол-көлік оқиғасы болды. Самара-Шымкент автожолының Ырғыз ауданына қарасты тұсында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, Тәжікстан азаматы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жеңіл көлік  Камазбен түйісіп, Өзбекстанның 4 азаматы тіл тартпай кетті. Ал Шалқар-Бозой автожолында Land Cruiser көлігі аударылды. Рульде 15 жастағы жеткіншек болған. Ағасының көлігін рұқсатсыз алып, достарымен бірге жолға шыққан ол көлікті басқара алмай қалған. Жол апаты салдарынан оқиға орнында қыз бала көз жұмды. Тағы бір жеткіншек ауруханада қайтыс болды.

«Қыз баланың жағдайы өте ауыр болды. Коматоздық жағдайда, жедел түрде ИВЛ аппаратына қостық. Облыстағы санавиация дәрігерлерімен  Zoom арқылы байланысқа шығып, жұмыс жүргіздік. Негізгі диагнозы ашық бас миының жарақаты, басына қан құйылған. Бір туәліктен кейін қайтыс болды», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Түлкібаева.

Аяқ-қолы сынған жеткіншектер қазір облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Жасөсіпрімдердің барлығы бір сыныпта оқиды. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Нақты айта алмаймын, әкесінің айтуынша көлікті алған кезде олар үйде болмаған. Қылмыстық іс аясында олардың ешқайсысы күдікті деп танылған жоқ. Сараптама барысында анықталғандай ол рульді басқара алмаған. Көлікті тізгіндеген жеткіншектің аяғы сынған», – деді Полиция департаменті ЖПҚ басқармасының бастығы Ардана Саймағанбетов .

Жыл басталғалы облыс жолдарында 58 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов , «Алматы» телеарнасы , Ақтөбе облысы