Судья Ілияс Карды 10 жылға бас бостандығынан айырды
Алматыда 3 адамның өліміне себепкер болған жол апатына кінәлі адам сотталды. Айыпталушы Ілияс Кар 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ілияс Кар жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Ол үш адамның өмірін қиған жол ережесін бұзу және оқиға орнынан қашып кетті деген екі баппен айыпталған еді.
«Кар Ілияс Есмарұлы Қылмыстық кодекстің 58-бабы 1-2-бөлімдері бойынша тағайындалған жазаға ішінара қосу арқылы түпкілікті жаза ретінде 10 жыл бас бостандығынан, 7 жыл көлік басқару құқығынан айырылсын», – деген үкімді оқыды Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Роман СЕЛИЦКИЙ.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 29 желтоқсанында жантүршігерлік жол апаты болып, 3 адам қаза тапқан еді. Бүкіл елді дүрліктірген бұл оқиғаға Gelandewagen маркалы көлікті тізгіндеген кәсіпкер Ілияс Кар себепкер болған. Сондай-ақ аталған жол апатынан аман қалған жалғыз жолаушы – актриса Айзада Сатыбалдиева қабырғалары сынып, ауыр халде ауруханаға түскен еді. Айта кетейік, жапа шеккен 4 тараптың әрқайсысы айыпталушыдан моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге талап еткен болатын.
«Сотталушыға 10 жыл мерзім беріп отыр. 10 жыл – үлкен мерзім. Бапта солай, 10 жылға дейін деп көрсетілген. 10 миллионнан берілген моральдық шығын көлемі әр зардап шегушінің туған-туыстары үшін 3 миллионнан деп қанағаттандырылды. Сондықтан сот дұрыс шешті деп ойлаймыз», – деді Бақытнұр Құнапияұлы туысқандарының адвокаты Ержігіт НҰРТАЙҰЛЫ.