Алматыда сотталғандардың туыстарынан пара алған түрме басшысына сот үкімі шықты

21.06.2019 19:50

Ол алған ақшасына кездесулер ұйымдастырып беріп отырған

Алматыда ЛА 155/18 мекемесінің экс-басшысы Руслан Жүнісов пен оның көлік жүргізушісіне қатысты атышулы іске нүкте қойылды. Басшы пара алды деп айыпталса, оның көлігін жүргізген қызметкері сыбайлас болды деген күдікке ілінген еді. Тергеу барысында оларға тағылған айыптар дәлелденген деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Соттағы соңғы сөзінде айыптылардың не дегендері белгісіз қалды.

Қылмыстық іс Алматыдағы Түрксіб аудандық сотында шамамен 3 айдай уақыт қаралған болатын. Бастапқыда бұл жұмбақ қылмыс жайлы ақпарат мардымсыз еді. Десе де, сот қаралымында олардың заңсыз әрекеттерін прокурор бүге-шүгесіне дейін қалдырмай жайып салды. Сот ЛА 155/18 мекемесінің экс басшысы Руслан Жүнісов пен көлік жүргізушісі Камиль Абдуллаевқа шешім шығарарда жазаны жеңілдететін барлық жәйтті есепке алған. Себебі, қос азаматтың әрқайсысы отбасылы, үш-үштен кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар. Сондай-ақ, бұрын соңды істі болмаған.

«Сот Жүнісов Руслан Әлімханұлын қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі, 366-бабы 3-бөлігі, яғни «пара алу», 362-баптың 4-бөлігі 1-пунктіне сәйкес, яғни «шенін асыра пайдалану» бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтесін. Абдуллаев Камиль Нұрақынұлын қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі, 366-баптың 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, жаза ретінде айыппұл төлеу тағайындалды. Ол пара ретінде алған сомманы мемлекетке 50 мың есе, яғни 3 миллион теңге көлемінде қайтаруға міндетті», - деді Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының төрағасы Жомарт МҰХАМБЕТЖАН.

Айыптылар шендерінен айрылды. Олардың бірі – Әділет подполковнигі болса, екіншісі – аға лейтенат еді. Оған қоса, екеуі де жазаларын өтеген соң мемлекеттік қызметке жұмысқа тұра алмайды. Үкімді тыңдауға қос азаматтың бірде-бір туысы келмеді. Тек қорғаушылары ғана төбе көрсетті. Ал, соңғы шешімді 2 сағатқа жуық оқыған судьяның әр сөзін олар қалт жібермей тыңдады. Айта кетейік, сот шешімі күшіне 15 күннен соң енеді. Оған дейін шалыс басқан әріптестердің аппеляцияға беруге құқықтары бар.

«Сот үкімі күшіне енгеннен кейін Абдуллаев Камильге айыппұлды 3 ай ішінде төлеуге уақыт беріледі. Қылмыстық кодекстің 41-бабының 6-бөлігіне сәйкес, белгіленген мерзімде айыппұлды төлемеген жағдайда мәжбүрлі түрде өндіріледі. Ал, ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар үшін жаза бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылуы мүмкін», - деді Жомарт МҰХАМБЕТЖАН.

Еске сала кетейік, Алматыдағы түрменің экс-басшысы Руслан Жүнісовке «пара алу», «шенін асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылса, оның жүргізушісі қылмыстық іске сыбайлас болды деп айыпталған еді. Сот дерегі бойынша, ЛА 155/18 мекемесінің бұрынғы басшысы сотталушылардың туыстарынан пара алып, жазасын өтеушілерді бопсалап, қаржы талап еткен. Тіпті кездесу ұйымдастырып, қапаста жатқандарға жағдай жасамақ болған және ұялы телефон кіргізіп беремін деп те уәде еткен.

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы