Сырым Шәріпханов кеншілердің денесін іздеу кезінде жер астына түскен
Костенко шахтасы қауіпсіздік талаптарын сақтамай қалыпты жұмыс істеп келген. Төтенше жағдайлар министрі кәсіпорында қандай заң бұзылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сырым Шәріпханов кеншілердің денесін іздеу кезінде жер астына түскен. Қателіктерді көзбен көрдім деген ол олқылықтың бірнешеуін атап шықты.
– Біз шахтада заң бұзылған. Шахта жабдықтары жылжып кеткен. Он бестен астам оқшау бөгет пен желдету құрылысы қираған. Қазіргі уақытта мемлекеттік комиссия құрамындағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмысын жүргізіп жатыр, – деді ҚР ТЖМ Сырым Шәріпханов.
Үкімет басшысы да кеншілердің өмірін қиған апатқа «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы кінәлі екендігін айтты. Әлихан Смайылов аталған өндіріс орнында екі ай бұрын ғана қайғылы жағдай болғанын еске салды. Оқиғадан сабақ алмаудың салдары 46 адамның ажал құшуына әкеп соқтырғанын жеткізді.
– Биыл тамызда осындай апат болды. Ол кезде 5 кенші қаза тапты. Адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауына тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте кәсіпорын басшылығының кінәсі. Олар компания жұмысынан өздерін шеттетіп тастаған. Мұндай әрекетсіздіктің салдарынан бірнеше жыл бойы қайғылы жағдай болды, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Оқи отырыңыз: Шахтадағы апат: соңғы кеншінің денесі табылды