Қазір келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр
Глубокое ауданында саяжайдың төбесіне жай түсіп, өртеп жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Оқыс оқиға «Яблонька» саяжай алабындағы Кожохов ауылында болды. Көршілері саяжайдың төбесіне жай түскенін көрген. Абырой болғанда, үйдің ішінде ешкім болмаған.
Оқиға орнына алдымен №23 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері жетті.
«Мансард типіндегі үйдің төбесі жанғыш материалдармен қапталғандықтан, жалын жылдам тараған. Біздің міндетіміз өрттің жан-жаққа тарауына жол бермеу еді. 45 минуттың ішінде өрт сөндірілді, бірақ үйдің төбесі толып жанып кеткен еді», - дейді №23 Өрт сөндіру бөлімшесі бастығының орынбасары Аслан Ыбыраев.
№23 бөлімшеге көмектесуге Жоғарғы Березовка кентіндегі №37 бөлімшенің қызметкерлері келді.
Қазір келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.