Жезқазған мен Сәтбаев қаласының 4 тұрғыны ұсталған
Қарағанды облысында жарты келіден асатын героин мен қару тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Есірткі заттарының алдын алу мақсатында жүргізілген арнайы операция кезінде 32 мен 51 жас аралығындағы Жезқазған мен Сәтбаев қаласының 4 тұрғыны ұсталған. Ол туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Полиция қызметкерлерімен 32-жастағы Сәтбаев қаласы тұрғынының үйіне жүргізілген тінту жұмыстары барысында 128 полимерлік пакетке оралған ақшыл сұр түсті заттар тәркіленген. Сондай-ақ, басқа күдіктілерден жалпы салмағы 70 граммға жуық есірткі заты мен медициналық препараттар алынған.
«Сараптама қортындысына сәйкес, жалпы алынған заттардың салмағы 600 граммнан асатын героин есірткісі болып табылады. Сондай-ақ, ұсталған азаматтардан тапанша қаруы тәркіленді. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-тармағына сәйкес және де 287-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Ұсталған барлық азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Облыстық ПД ресми өкілі Жанатай СЕМБЕКОВ.