Шығыс Қазақстан облысында соңғы 1 апта ішінде 13 өрт сөндірілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 20-26 наурыз аралығында облыста 13 өрт болған. Оның ішінде жеке тұрғын үй секторында 8, шаруа қожалығы аумағында 1 өрт оқиғасы болды. Сондай-ақ 1 дүкен мен 3 автокөлікті от шарпыды.
«Өрттің басты себептері – пеш және электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы және отты абайсыз пайдалану болып отыр. Өкінішке қарай, өңір тұрғындарының пешке тамақ қойып, ұмытып кету жағдайлары әлі де анықталуда. Бұл көбінесе қарт кісілер мен ұйықтап кеткен пәтер иелері», – делінген хабарламада.
Осы ретте, департамент мамандары облыс тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін еске салады:
- Қосулы электр және газ құралдарын қараусыз қалдырмаңыз;
- Отты абайлап пайдаланыңыз – төсекте жатып, лоджия мен балконда темекі шекпеңіз;
- Зауытта жасалмаған электр сақтандырғышты, жасанды абажур, жарықтандыру шамын пайдаланбаңыз;
- Жертөле мен шатырларда жанғыш заттарды, түрлі тұрмыстық қоқысты, жиһаз бен қағазды сақтамаңыз. Қызыл жалын шыққан жағдайда дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарласыңыз. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.