19 жасар қызды қастандықпен өлтірді деген түркістандық азамат кейіннен өзіне қол жұмсамақ болған. Десе де сол сәтте тәртіп сақшылары мен жедел-жәрдем қызметкерлері үйіне кіріп келіп, бұл әрекеті іске аспаған. Ол бірден аурухана жеткізіліп, ота жасалыпты. Қазір ауруханада арнайы жасақтың тәулік бойы күзетінде. Одан өзге қастандықпен жасалған қылмысқа қатысты қандай жаңа дерек бар? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.
Бұл – Нұркент ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің бірі. Қазір біз соның 3-қабатында тұрмыз. Жантүршігерлік оқиға мына пәтерлердің бірінде болған. Пәтер жалдамалы. Түркістандық азамат оны жалға алған көрінеді. Анықтап барып көретін болсақ, есіктің тұтқасы сындырылған. Яғни, хабар келген бойда, құтқару қызметі есікті сындырып ашқанын көруге болады.
Аяжан өмірінің соңғы күндері қаладағы мына «Сымбат» бизнес орталығындағы сұлулық салонында жұмыс істеген. Қасындағы әріптестерінің айтуы бойынша, оның сөйлесіп жүрген жігіті бар көрінеді. Күнде кешкісін жұмыстан шыққан уақытта алып кететін дейді. Оны әріптестері бір-екі рет байқаған.
«Сол күні өзінің жұмысын аяқтап, есепті маған жіберді. 8:30-да. Сосын жұмысынан шығып кетті. Одан кейін маған кешкісін жігіті звандады, маған таппай жатырмыз деп. Мен білмедім, мен жолдамын ғой, қайтып бара жатырмын дедім. Ертесіне Аяжанды бәріміз іздеп бастадық», – деді Аяжан Еділованың әріптесі Айнұр Жүсіпбек.
Түркістандық азамат Аяжанды пәтерге қалай шақырғаны әзірге белгісіз. Алайда оның өз еркімен кіргені бейнебақылау камерасына жазылған деді полиция департаменті. Туыстарының айтуынша, ол оқуымен қоса, киім тігуге тапсырыс та қабылдап жүрген дейді.
«Ол өзінің сөйлесіп жүрген жігіті бола тұра, басқа біреумен кездесуге баратындай жеңілтек қыз емес. Ол пәтерге қандай да бір тапсырыс қабылдауға барған болуы керек. Қаскөй азамат арам ойын жүзеге асыру үшін алдап шақырып алды ма, білмеймін ғой. Біз оның өмір бойы бас бостандығынан айырылуын талап етеміз. Әділетті шешім шығуы үшін қолдан келген шараны қолданамыз», – деді Аяжан Еділованың ағасы Алмат Муликов.
Ұсталған күдікті өз-өзіне қол жұмсамақ болып, денесінің біраз бөлігіне жарақат қалдырып үлгерген. Қазір ол қаладағы №7 ауруханада ем қабылдап жатыр. 27 жасар азаматтың Түркістандық екені белгілі. Тұрақты жұмысы жоқ, бұрын-соңды сотталмаған. Полиция департаментінің хабарлауынша, денсаулығы жақсарған бойда, тергеу изоляторына қамалатын болады.
«Жанжалдың нәтижесінде ол қыз баланы өлтіріп, қылмыстың ізін жасыру мақсатында денесін бөлшектеп тастаған. Енді аса қатігездікпен жауыздықпен өлтірген. Денесінің кейбір мүшелерін 19-нан 20-на қараған күні қаладағы бірнеше қоқыс жәшігіне тастап үлгерген. Қазіргі таңда бұл іс қылмыстық кодекстің 99-баптың екінші тармағы бойынша тергеліп, сезікті жауап беретін болады», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске салайық, 19 наурыз күні кешкісін жұмысынан шыққан Аяжан сол күйі ізім-ғайым жоғалады. Кейіннен туыстары Полиция департаментіне хабар беріп, бойжеткенге іздеу салады. Ал, 21 наурыз күні оның қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев