Түркістан облысында су шайған көпірлер бір тәулікте қалпына келтіріледі

15.05.2020 20:00

Қазіргі таңда 2 көпір жөнделіп, ауыл арасындағы байланыс ашылды

sputniknews.kz

Түркістан облысында су шайған көпірлер бір тәулікте қалпына келтіріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Төтенше жағдай жарияланған Төлеби ауданы Қасқасу елді мекенінде орналасқан 2 көпірді тасқын су түгел қиратып, тағы біреуіне зақым келген еді. Бүгінде 4 өткелді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 2 көпір жөнделіп, ауыл арасындағы байланыс ашылды. Ал, біреуімен әзірге жүргіншілер ғана өтіп жатыр.

«Қазіргі таңда облыстық маңызы бар жолдардағы жол жиегін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек Қасқасу елдімекеніндегі шайылған құбырларды қалпына келтіру мақсатында тиісті техникалардың барлығы жұмылдырылды, материалдар жеткізілді. Қазіргі таңда ауыл округінің әкімімен сол халық мұқтажына қажетті құбырларды қалпына келтіріп жатырмыз. Бүгін-ертең  жол жүруді қайтып қалпына келтіреміз деп жоспарлағанбыз», – деді Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан ИБРАГИМОВ.

Сондай-ақ, Төлеби ауданының Қасқасу, Кенесарық, Қосағаш, Екпінді, Біркөлік, Киелітас, Достық ауылдары және Леңгір қаласының аумағына жиналған жаңбыр суын сорғызу жұмыстары жүріп жатыр. Еске салайық, күні кеше толассыз жауған нөсер салдарынан Түркістан облысының таулы аумақтарында орналасқан Төлеби, Қазығұрт және Бәйдібек ауданын су шайды. Алдын ала деректер бойынша үш ауданда жалпы 522 үй ауласына су кіріп, 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланған. Қазір су тасқыны зардабын жоюға 600-ден астам маман мен 84 техника 47 мотопомпа жұмылдырылып, тиісті жұмыстар істеліп жатыр.