Тұшпара пісірмек болған жігіт өлім аузынан қалды

05.11.2023 20:00

Көпқабатты үй өртеніп кете жаздады

Сурет: elements.envato.com

Жітіқарада полицейлер көпқабатты үйдегі өрттің алдын алды. Полиция қызметкерлерінің әрекеттерінің арқасында пәтердің өртенуіне жол берілмеді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

2 қарашада таңғы сағат 5 шамасында жедел кезекші пультына 5 шағын ауданда пәтерлердің бірінде түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.

Жақын маңда патрульдік полиция қызметкері Қайрат Исмаилов пен ювеналды полиция қызметкері Қуаныш Тұрабаев болды.

 - Біз дереу осы мекен-жайға барып, терезеден түтін шыққан пәтерді анықтадық. Есікті қағу арқылы ұйықтап жатқан пәтердің иесі бізге есік ашты. Ол кезде үй іші түтінге толып, ештене көрінбеді, - деді патрульдік полиция қызметкері Қайрат Исмаилов.

27 жастағы жітіқаралық Евгений Жигайлов кешкі сағат 11 шамасында үйіне оралып, тұшпара пісірмек болған. Тамақ піскенше ол ұйықтап кеткен. Жігіт есік қағылған дыбыстан ғана оянған.

 - Полиция қызметкерлері мені оятқан кезде бірден газды өшірдім. Егер олар мені оятпағанда, өміріме қауіп еселене түсетін еді, - деді Евгений Жигайлов.

Ер адам тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, бұдан былай мұқият болуға уәде берді. Оқиғадан кейін қызметкерлер Жітіқара қаласында патрульдеу мен қоғамдық тәртіпті қорғауға қайта кірісті.

Оқи отырыңыз: Ақтөбелік полицейлер көп қабатты үйден секірмек болған әйелді құтқарып қалды

Теги: оқиға