Құс тұмауынан қорқады: Қайнар ауылдық округінің тұрғындары күркетауық фермасының салынуына наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Бір ауылда тұрып, екі тараптың осылай дауласып жүргеніне екі айға жуықтаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы маңындағы Қайнар ауылдық округінің тұрғындары ауыл маңына күркетауық фермасының салынуына наразы. Құс фабрикасында ешқандай санитарлық талаптың сақталмағынан айтып шағымданған тұрғындар біздің арнамызға хабарласты. Олардың айтуынша, әлемді жайлаған қауіпті індет аздай, енді олар құс тұмауынан зардап шегеміз ба деп қорқады. Ал ферма басшылығы өз әрекетінің заңға сай екенін айтады. Екі жақты дау болған мәселе қалай шешімін таппақ? Қос тараптың уәжін Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тыңдап қайтты.

Бір ауылда тұрып, екі тараптың осылай дауласып жүргеніне екі айға жуықтаған. Бар мәселе – жеке кәсіп иесі ауыл ішіне күркетауық асырап, бизнесін дөңгелеткісі келген екен. Ауыл тұрғындары болса, оған түбегейлі қарсы. Бастапқыда бізбен неге ақылдаспайды деп ашынады олар. Санитарлық талаптар атымен сақталмағанын айтады. Ертең бұл ауыл өлексе мен тау болып үйілген қоқыстың мекеніне айналады ма деп қорқады тұрғындар.

«Құс өлген кезде, ол ауырған кезде. Құстың паспорты да жоқ. Оларға қандай вакцина салынғаны, олар өлген кезде ішек-қарнын төгетін арнайы жер болу керек. Оның бәрі қарасытырлмаған. Бұл жерге септик қазуға да келмейді. Су жақын, көтеріп кете береді. Олардың бәріне көнбей отыр», – деді ауыл тұрғыны Нұрболат Келгенбаев.

Одан бөлек, ауыл тұрғындары іргедегі құс фабрикасынан тарайтын күлімсі иістен зардап шегіп отырғанын айтады. Әсіресе қазір жаз мезгілінде таза ауамен тыныстау мүмкін емес дейді.

«Бұрын тереземізді ашып қоятынбыз, қазір аша алмаймыз. Мен, әсіресе, таң намазына тұрамын, сол кезде терезені ашып қойған кезде, үйді алып кетеді. Кешкісін тағы солай аша алмаймыз», – деді ауыл тұрғыны Назира Социалқызы.

Фабрика басшылығы тұрғындардың жанайқайын алыстан тұрып көрді ме, аз уақыттан соң зіңгіттей-ақ көлігіне мініп келді. Келді де, бірден шаруаға кірісті. Жер иесі аумақ өзіме тиесілі. Не өсіріп, қалай пайдаланатынымды өзім шешемін деп тұрғындармен санасар емес.

«Бұл жер жекеменшігімдегі шаруашылығым. Бұл жерге құс өсіремін бе, шошқа асыраймын ба, өзім білемін. Санитар мамандарды ма, экологтарды ма, шақырыңыздар. Тексерсін, қарсылығым жоқ», – деді Иван Федоренко.

Бұған дейінгі жер иесі бұл жерде мал шаруашылығымен айналасқан көрінеді. Оған дәлел ретінде мына тау болып үйіліп жатқан тезекті көруімізге болады. Бұрын мұнда қора-қора қой мен топтасып жайылған сиыр болыпты. Ал, қазіргі жаңа қожайыны мұнда күркетауық фермасын ашпақшы екен. Өздеріңіз көргендей, қазір 200-ге жуық күркетауық бар. Тұрғындар айтса айтқандай-ақ, қорадан шыққан иіс қолқаны қабады.

Кәсіпкер бұл күркетауықтарды арнайы Ресейден алып келетін көрінеді. Жейтін тамақтары да біздің елде жоқ, оны көрші елден тапсырыспен алдыратынын айтады. Алдағы уақытта бұлардың санын 1200-ге дейін көбейту жоспарында бар. Ол үшін шаруашылығында құрылыс жұмыстарын да бастап кетіпті. Ерекше күтімді қажет ететін күркетауықтар қыс мезгілінде 30 градустан жоғары жарде сақталуы керек екен. Бұл жер сол үшін жылыжай ретінде құстарды ұстайтын мекен болмақ.

«Қазір түстен кейін балаларды алып барайын деп отырмын. Не жағдай? Не жайт? Бола ма болмай ма? Бір жағынан заңды болса, біз шектей алмаймыз гой. Ондай көп ұстауға болмайды, енді қазір барып тексеремін. Шаруа қожалыңы болса, заң бойынша түк істей алмаймыз оған. Қазір жердің көлеміне нормативпен қанша ұстауға болады, соны ғана айта аламыз. Немесе адамгершілікпен сөйлесіп қоя қой деп айта аламыз», – деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манатбаев.

Ауыл әкімі әзірге уәдеге жүректік танытып отыр. Жауаптылардың топ болып келіп тексеретіне ағайындар күмәнмен қарайды. Себебі бұған дейін де ауыл әкімдігінің мәселені көзбен көріп барып тексереміз, анықтаймыз деп айтқанына біраз уақыт болды дейді тұрғындар.

Новости партнеров