Гонконгта коронавирус індетін екінші рет жұқтырған азамат анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
4 ай бұрын Covid-19-бен ауырып шыққан ер адамға осы диагноз қайта қойылды. Ғалымдар Covid-19 вирусымен ауырған адамдардың сырқатқа қарсы иммунитетке ие болатынын біледі, бірақ бұл қорғаныстың қаншалықты тиімді екені және қанша уақытқа созылатыны әлі белгісіз. Гонконгтағы пациенттің жағдайы бүкіл әлем бойынша 800 мыңнан астам адам мерт болған вирусқа қарсы иммунитеттің өте қысқа болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Бұған дейін Қытай билігі вирустың қайта анықталуының бірнеше жағдайы туралы хабарлаған болатын. Онда науқастардың 5-тен 15 пайызы коронавируспен екінші рет ауырған. Ал Италияда коронавирусқа қарсы вакцина алғаш рет адамға егілді. Екпе ерікті әйелге Рим қаласының инфекциялық ауруханасында жасалған. Вакцинаны Аппенин түбегінің биотехнологиялық фирмасы шығарған. Коронавирустың таралуына байланысты Испанияның Каталония аймағы билігі шектеу шараларын күшейтті. Автономды қауымдастық аумағында 10 адамнан аса топ болып жиналуға болмайды.
Билік өкілдері, сондай-ақ, мектептер мен институттарда 500 мыңға жуық ПТР-тестерін тапсырамыз деп уәде етті. Өткен тәуліктің өзінде мұнда ковид-19-ды жұқтырғандар 1776 адамға жеткен. Жалпы дүниежүзі бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 10 миллионға жуықтап қалды. Бір тәулікте әлем елдеріндегі 135 мыңға жуық адам қауіпті дертке шалдыққан.