|
02.11.2020 | 20:16
13589

Алматы маңындағы атыс: жарақат алғандардың жағдайы белгілі болды

Қазір олардың барлығы қаладағы №4 ауруханада ем алып жатыр

Алматы маңындағы атыс: жарақат алғандардың жағдайы белгілі болды Almaty.tv

Байсеркедегі оқиға бір күннің ішінде жұртты дүрліктірді. Алматы облысының аумағындағы «Поляна 1Б»  демалыс орнында болған атыстан кейін қазір аймақ толығымен жабылған. Оқиға салдарынан 2 адам жарақат алды. Алдын-ала дерек бойынша, демалыс орнының иесі мен қонақтары жанжалдасып қалады. Кейіннен беттеріне медициналық маска таққан 15-20 адам демалыс орнына келіп, сол жердің қожайынына оқ атқан. 40 жасар адамды жарақаттап, кейіннен көліктеріне мініп, бой тасалаған көрінеді. Науқастардың қазіргі жағдайы қалай? Оқиғаны көзбен көріп-білген адам бар ма? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.

Кешегі оқиғадан кейін Байсеркедегі бұл демалыс кешені қазір жабық тұр. Есікке үлкен құлып салынған. Аймақ қабаған төбеттер және бейнекамералармен күзетілген. Өзін осы жердің қарауылымын деп таныстырған бұл жігіттің айтуынша, топтасқан бір топ адам осы жерге атпен серуендеуге келеді. Кейіннен дәмхана иесімен сөзге келіп қалған болу керек, жігіттер жұдырық емес, қаруларын  кезеген.  

Болған атыстан 2 адам жарақат алып, ауруханаға түсті. Алдын-ала мәлімет бойынша олар 26 жасар демалыс кешенінің қызметкері мен 40 жастағы сол жердің қожайыны. Куәгерлердің айтуынша, екі жақтың қарулы атысы күндіз және түнде болған көрінеді. Тұрғындар, адамдардың бір-бірімен жанжалдасып, төбелескен айқайын да естімеген. Тек, мылтықтың даусы шыққаннан кейін әрқайсысы үйінен шығауға қорқып қалыпты.

БЛИЦ:

- Түнгі уақытта атылды оқ. Біз шығуға қорқып қалдық. Одан кейін екі машина шығып кетті осы жерден. Түнгі 03.00 шамасында.

- Шамамен 4 рет қатты атылған дауыс естілді. Содан кейін осы жердегі демалушылар қаша бастады. Кейбіреулері балаларымен келгендіктен, атылған дауысты естіп, қорқып кетті. Біз бастапқыда жырылыс болған екен дедік. Кейіннен атыстың болғанын естідік.

Қазір жарақат алған екі науқас №4 қалалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Екеуіне де оқ аяғына тиген. Бірінің оң жақ жіліншігі жарақаттанса, енді бірінің сол жақ асық жілігі сынған. Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың жағдайы орташа ауыр.

«Қазіргі таңда науқастар ақыл есінде. Ем шараның бәрін қабылдап жатыр. Екінші науқасқа ертең оң жақ жіліншегіндегі оқ қалдығын алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда науқастарға төніп тұрған қауіп жоқ. Ем-шараны жүргізуге ауруханада мамандар мен дәрі-дәрмектер толығымен жеткілікті», – деді қалалық №4 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Анарбек Монгол.

Олардың суық қарудың қай түрін қолданғаны да белгісіз. Ота кезінде науқастардан алынған оқ қазір сараптамаға жіберілген. Облыстық полиция департаментінің ақпарынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир