Қиын жағдайды пайдаланып, қалта қамын күйттегендер көбейген
Қиын жағдайды пайдаланып, қалта қамын күйттегендер көбейген. Кей пысықайлар азық-түлік бағасын негізсіз шарықтатып отырғанын Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, барлық ақпарат монополияға қарсы органға заң бұзушылардың үстінен қатаң шара қабылдану үшін жіберіліп жатыр.
«Әлеуметтік маңызы бар тауаларлардың бағасы көтерілмеуі тиіс. Бұл – Президент тапсырмасы. Сондықтан күнделікті мониторинг жүргіземіз. Алаңдауға еш негіз жоқ дер едім. Себебі қажетті қор бар. Біз барлық қоймаларды қарап шықтық, өңірлердің бәрімен елордаға тікелей тауар жіберу жөнінде уағдаластық. Демек, азық-түлік тауарларының қалаға кіргізілуіне еш кедергі жоқ қазір», – деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан БЕКМЫРЗАЕВ.
Ерлан Бекмырзаев аула ішіндегі шағын азық-түлік дүкендері штаттық режимде жұмыс істей беретінін де жеткізді. Олардың жұмысына ешқандай шектеу жоқ. Ал азық-түлік емес тауарлар сататын дүкендер карантин кезінде жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар басқарма басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне шекті баға белгілеу мәселесі де қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
«Бұл мәселе кеше ғана талқыланды. Министрлікпен бірге таяу күндері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне шекті баға белгілеу туралы шешім қабылданатын болады», – деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан БЕКМЫРЗАЕВ.