Олар тыйым салынған тауарды Алматы облысы мен қала аумағына таратқанын мойындады
Алматы облысында синтетикалық есірткі өндіретін зертхана әшкере болды. Арнайы операция барысында полицейлер есірткі өндіруге арналған жабдықты, сондай-ақ ерекше иісі бар жасыл түсті кристалды зат тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткінің психотроптық зат екені белгілі болды. Талғар аудандық полиция басқармасы бастығының хабарлауынша, қазір екі адам ұсталған. Олар тыйым салынған тауарды Алматы облысы мен қала аумағына таратқанын мойындаған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
«Зертханадан салмағы 10 келі болатын кристалл тәріздес зат табылды. Ұсталған екі күдіктінің бірі 21 жаста болса, екіншісі 24-те. Екеуі де қыз бала және бір-біріне туыстық қатысы бар екені анықталды», – деді Алматы облысы Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадин.