Көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 17 адам қауіпсіз жерге көшірілді

20.02.2024 23:42

Зардап шеккендер жоқ

Almaty.tv

Алматыда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, түн ішінде 17 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – қаладағы элиталы тұрғын үй кешендерінің бірінде түсірілген бейнежазба. Халық шырт ұйқыда жатқан кезде пәтерден өрт шығып, көпшілік есеңгіреп қалған. Төтеншеліктер дер кезінде жетіп, өртті бір сағаттың ішінде сөндіріп үлгерген. Тоқ желілерінде ақау бар екенін, қауіпсіздік ережелері сақталмағанын тұрғындар бұған дейін де айтып келген. Бірақ оны елеп-ескерген ешкім болмаған.

Тұрғындар төтенше жағдай кезінде ғимараттағы дабыл қондырғылары да жұмыс істемегенін айтты. Өрт шыққанын телефондағы мессенджер арқылы білген.    

– Бұл мәселені жарты жылдан бері айтып келеміз. Бірақ ешкім сөзімізге құлақ асқан жоқ. Тоқ жиналған жәшіктер ашық-шашық жатыр. Оны қарап, қадағалап жатқан ешкім болмады. Салдары қауіпті жағдайға алып келді. Қолға алмаса кешегі оқиға қайталануы мүмкін, – деді  қала тұрғыны  Полина Шиманская.

Түн ішінде болған жағдайға тұрғындар жеке компания өкілдерін кінәлап отыр. Себебі пәтер кілтін алғанға дейін олар уәдені үйіп-төккен. Кейіннен ақшасын төлеп, үйге қоныстанған соң, бірін де көрмеген. Тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниясы болса, нысанда өрт сөндіру құрылғылары толық еместігін растады.

– Тұрғын үйді толық аяқтап, қолданысқа бергеннен кейін бәрін тексердік. Жұмыс істеп тұрған. Бірақ өткен түндегі өрт кезінде түтінді автоматты түрде сыртқа шығаратын құрылғының істен шыққанын анықтадық. Оның не себепті жұмыс істемегенін тексереміз. Ал өрт сөндіру құрылғылары  тұрғын үйде толық емес, 30 пайызы жеткіліксіз. Сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – деді  жекеменшік құрылыс компаниясының өкілі Айқын Айдарәлиев.  

Пәтерден өрт шығып, ел дүрліккен кезде төменгі есік-терезенің бәрі жабық болған. Бұл өрт сөндірушілердің ішке кіріп, жұмыс істеуіне кедергі келтірген. Төтеншеліктер сол себепті төменгі қабаттағы шыны есікті сындырып кірген. Өрттің аумағы 12 шаршы метрді құраған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, бір штабтың өрт сөндіретін көліктері жетпеген соң, көрші бөлімдерге жүгінуге тура келген.

– Өртті сөндіруге 35 адам мен 11 техника жұмылдырылды. Баспалдақтарда қатты түтін пайда болып азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен 2 адам құтқарылып, 15 адамды эвакуация жасалды. Ауа райы төмен температурасын ескере отырып, оқиға орынында вахта автобусында эвакуацияланған тұрғындарды жылыту бойынша жұмыс ұйымдастырылды, – деді Төтенше жағдайлар департаменті мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға сержант командирі Азат Шүкенов.

Тұрғындар енді сынған есік, терезе мен кіреберістегі бүлінген қабырғаларды кім жөндеп береді деп алаңдап отыр. Шығын көлемі мен тілсіз жаудың неден шыққан әзірге белгісіз. Мамандар тексеріс жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдайлар министрі су басу қаупі бар аймақтарды атады