Тұрғын үйдің кіреберіс бөлігі өртеніп, 4 пәтерді түтін басты

Almaty.tv
Almaty.tv
Сыртқа шыға алмай қалғандардың арасында 4 жасар бала мен оның анасы болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда пәтердің кіреберісінде өрт болып, төрт баспанаға зақым келді. Оқиға кеше Алмалы ауданына қарасты бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Кешегі өрттің мән-жайымен танысу үшін түсірілім тобы бүгін оқиға орнына келді. Құтқарушылардың айтуынша, кеше пәтерде өрт болған кезде оның ішінде 4 жасар бала мен анасы болған. Абырой болғанда, адамдар дін аман. Дей тұрғанмен, пәтердің кіреберіс бөлігін түгелдей тілсіз жау жалмаған. Ал керегелердің бәрін күйік шалған.

34 жастағы әйел «Сыртқа шықпақ болып есікті ашқанда өртті көріп, не істерімді білмедім» дейді. Түтіннен сақтану үшін 4 жасар ұлын терезенің алдына апарыпты. Сол сәтте есікті сындырып ішке енген құтқарушылар пәтерде 2 адамның барын көреді. Ал бұдан өзге, 3 үйде тұрғындар болмапты.

«Бесінші қабатқа көтерілген кезде жоғары температурада қара түтін мен жалын болып жатты. Біздің басты мақсатымыз – адам өмірін құтқару. Өрт орнына жеткен кезде пәтерлердің есігін аша бастадық. Бір пәтердің есігі құлыптаулы болды, оны бұзып кіруге тура келді. Лом арқылы бұзып, ішке кірген кезде шарасыз отырған анасы мен баласын көрдік», – деді аға өрт сөндіруші, сержант Әбен Талант.

«Қатты қорықтым. Баламен үйде отырғанмын. Не істерімді білмей кеттім. Құтқарушылар есікті сындырып, аман алып қалды. Әйтпегенде, жағдайымыз қалай болатыны белгісіз еді. Оларға рахметімді айтқым келеді», – дейді қала тұрғыны Құралай Жанботаева. 

Қызыл жалынды ауыздықтауға екі өрт сөндіру бөлімшесі жұмылдырылған. Жалпы, адамдарды апаттан аман алып қалу үшін 5 автотехника, сондай-ақ, 15 маман жұмыс істеді. Ал қалалық Төтенше жағдайлар департаменті берген ақпарға сүйенсек, 1 қыркүйектен бері Алматыда 51 өрт оқиғасы тіркелген.

«8 минут өткен соң өрт сөндіру қызметі келді. Бес қабатты тұрғын үйдің 8 шаршы метр аумағында өрт болып жатқаны анықталды», – деді Алмалы аудандық ТЖБ аға инженері Руслан Қасенов.

Қазір өрт болған орынды тұрғындардың өзі тазалап жатыр. Олар кешелі бері Пәтер иелері кооперативімен байланыса алмаған. Ал қалыпқа келтіру жұмыстарына кімнің жауапты екенін білмей отырған азаматтар келтірілген шығынды енді кім өтейді деп наразы. Осы тұста өрттің шығу себебі әлі де анықталмағанын айта кету керек.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров