|
04.09.2023 | 19:25
3395

Түркияда жол апатынан екі қазақстандық қаза болды

Тағы бір адам ауруханада жатыр

Түркияда жол апатынан екі қазақстандық қаза болды İHA

Түркияның Алания қаласында жол апатынан 3 адам қаза болды, олардың екеуі – қазақстандық, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркияда ірі жол апатынан қазақстандық журналист көз жұмды. Оқыс оқиға салдарынан отандасымыздың қызы да жан тәсілім етті. Еліміздің СІМ ақпаратты растады. Ведомство марқұмның туыстарымен байланысқандарын да мәлімдеді. Қайғыдан қан жұтқан отбасыға көмек көрсетіледі.

Түркиядағы ірі жол апатынан көз жұмған атыраулық журналистің ерекше балаларды оңалтуға да еңбегі сіңген. Арайлым Нұғманова Алания қаласына отбасымен демалуға барған. Кеше туристер отырған екі көлік соқтығысып, 20-ға жуық адам зардап шеккен. Қазақстандық азаматшаның 2 жастағы қызы да оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Жолдасы ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Ал 9 жастағы ұлының денсаулығына еш қауіп жоқ

– Бұл – Атырау журналистикасы үшін ауыр қаза. Арайлым Нұғманова қолтаңбасы бар, қаламы қарымды журналист еді. Біліктілігі, кәсіби шеберлігінен бөлек, адамдығы бір төбе. Қашан көрсең де, жағдай сұрасып, көңілді жүретін жан еді, – деді марқұмның әріптесі Айбөпе Сабырова.

– Арайды 10 шақты жылдан бері білемін. Ісіне адал, елден ерек, елгезек, жанұшыра жүретін, сыйласа білетін қоғамға белгілі журналист еді. Өкінішті, сұм ажал алып кетті, – деді марқұмның әріптесі Амандық Сағындық.

СІМ қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазір қазақстандық дипломаттар отбасының жақындарымен байланыста екенін әрі қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілетінін жеткізді.

– Бұл отбасында туристік компания арқылы жасалған сақтандыру полисі бар. Туыстары Түркияға жеткенде шешім қабылданады. Жақын арада Қазақстанға жеткізуге көмектесеміз, – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, «жол апатына ұшыраған отбасы мүшелері көліктегі қауіпсіздік белдігін тақпаған» деген болжам бар. Оның анық-қанығын тергеу көрсетеді. Ведомство өкілдері шетелде жүргенде қауіпсіздікке барынша абай болуға кеңес береді.

Айта кетейік, қайғылы жағдаймен аяқталған жол апатынан 15 адам зардап шеккен.

Өмір Серікбекұлы, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Шахтадағы өрт: комиссия жұмысы он күнге ұзартылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир