Алматы облысында соңғы жеті айда 731 көлік апаты орын алып, 181 адам қаза тапқан. Облыстағы республикалық маңызы бар тасжолда апат азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Апаттың алдын алу мақсатында 1 қыркүйектен бастап Алматы - Өскемен, Талдықорған-Алматы, Құлжа тасжолында «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі іске қосылды.
– Жүргізушілер жылдамдықты асырып, қарама-қарсы бағытқа шығады, жаяу жүргіншіні өткізбейді. Республикалық маңызы бар тасжолда «Сергек» бейнекамералары орнатылған. Алматы-Өскемен, Талдықорған-Алматы ақылы тасжолында қойылған «Сұңқар» бейнекамерасы белбеусіз жүргізушіні, сондай-ақ ол телефонмен сөйлессе және қоқыс лақтырса түсіріп алады, – деді ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұржан Үстеміров.
Қырағы камералар жылдамдықты ғана түсіріп қоймай, жол апатына түрткі болатын өрескел қателікті де түртіп алады.
– Егер көліктің жүруіне бұған дейін тыйым салынған немесе жүргізушінің қарызы болса, ақпаратты бірден анықтауға болады, – деді ПД Патрульдік полиция батальонының взвод командирі Бағлан Шәкіров
Рейд барысында Алматы-Талғар тасжолында жол апаты болды. Бір адам қатты зардап шекті. Жол полициясы қызметкерінің айтуынша, арақашықтық сақталмаған. Жүк көлігі қатты жылдамдықпен келіп, үш көлікті соққан.
Айта кету керек, «Сергек» жылдамдықтың артуын, бағдаршамның қызыл түсін елемеуді, аялдама сызығының қиылысын, тұтас сызықтың сақталмауын тіркейді. Ал Алматы облысында 124 орында 576 камера жұмыс істеп тұр.
Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мүңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы ұрланған көліктерді жерасты тұрағынан іздеп жатыр