Атырау облысында нөпір су бөгеттерді бұзып кетті. Өткен түндегі жағдайдан елдімекендерге қауіп төнген. Оған себеп – Сарыөзек каналының жарылуы. Шаһардағы Жайық өзенінің су деңгейі де шекті межеден асып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кешелі бері осылайша бала-шағамен жүгін жинаған Талдыкөл ауылының халқы қаладағы оқу орындары мен қонақ үйлерге жайғасып жатыр. Себебі Талдыкөл ауылында құбыр жарылып, жол учаскесін су басу қаупі артқан. Қазір эвакуацияланғандардың саны 146-ға жетті. Олардың арасында 91 бала бар.
– Жолдың екі жағы да су. Құбырларды бекіту мақсатында жұмыс жүріп жатыр. Ауыл 3 метр дамбы бар. Ауылдағы үлкен адамдарды, жүкті әйелдер мен балаларды қауіпсіз жерге көшіру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр, – деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев
Ал кеше Сарыөзек каналын су жарып, сай салаға жайылды. Махамбет ауданынан басталған канал Атырау қаласы мен Еркінқала ауылдық округі арқылы өтеді. Шаһар әкімінің айтуынша, бұрынғы жерасты құбыры жарылып, ауылға қауіп төндірген. Шұғыл түрде 11 техника мен ауыл азаматтары жұмылып, бөгет жанына құм төгіп, суға тосқауыл қойды.
– Қазір осы арнаулы автобаза және әкімшілік тарапынан ұйымдастырылған көмекпен 3 метр құбыр қалыпқа келтірілді. Жұмыс толығымен аяқталды. Облыстық әкімдік тарапынан және қалалық мәслихат депутаттары ұйымдастырған кезекшілік тәулік бойы жұмыс істеуде, – деді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін.
Сондай-ақ Жайық өзенінің Атырауға қатысты бөлігінде су деңгейі көтеріліп, шекті межеден асып кетті. Қазір өзенді бөгеу жұмыстары аяқталған. Арнаның әлсіз тұсын күшейту және ағыспен келген тал-теректерден тазалау әлі жүріп жатыр. Ал Жайықтың Каспийге құятын тұсын тереңдету тоқтаған жоқ.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» теларнасы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Қарғын су: еліміздегі 8 өңірде төтенше жағадай сақталуда