Қызылордада бір тәуліктің өзінде үш бала терезеден құлап кетті. Оның екеуі 3-қабаттағы бір пәтерде болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқыс оқиғадан зардап шеккендердің біреуі 7 жаста, ал екіншісі - оның 6 жастағы туысы. Түрлі дене жарақатын алған олар қазір ауруханада. Ал үшінші дерек Сырдария өзенінің сол жағалауындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Мұнда 1-қабаттан құлаған 3 жасар бала дәрігерлердің көмегіне жүгініпті.
«Өткен тәулікте облыстық балалар ауруханасына көпқабатты үйлерден құлау жарақаты бойынша 3 бала келіп қаралды. Үшеуі де ауруханаға жатқызылды. Бір науқас өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Оған ауыр жабық ми жарақаты диагнозы қойылды. Биіктен құлау жарақатымен бірге, жаз мезгілінде мопедтен, автокөлік апатынан жарақат алғандар саны да көбейіп жатыр», – деді көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Олжас Құрбанбаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста мұндай 12 дерек тіркелді. Ал былтыр 34 баланың көпқабатты үйдің терезесінен құлағаны айтылған. Оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған еді. «Терезеден құлау фактісі жиіледі» деп дабыл қаққан құтқарушылар осы ретте бала қауіпсіздігіне баса назар аударуды сұрайды.
Оқи отырыңыз: Астанада үйдің шатырынан 20 жыл іздеуде жүрген адам табылды