Жаздың бес күнінде 17 адам суға батты

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Қара судың құрбаны болған үшеуінің денесі әлі табылмай жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаз басталмай жатып елімізде суға кеткендер саны артты. Шомылу маусымы ашылған алғашқы бес күнде 17 адам ажал құшқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қара судың құрбаны болған үшеуінің денесі әлі табылмай жатыр. Өңірлерде болған қайғылы жағдайдан соң Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қазақстандықтарға үндеу жасады. Сақтық шараларының сақталмау себебін атады.

Жаздың қызығы ешкімді мәз қылмай тұр. Маусымның бірінші күнінде-ақ 4 адамның ажалы қара судан болған. Күні кеше бір күнде 9 адам көз жұмды. Тағы үш адамның өлі не тірі екені белгісіз. Төтенше жағдайлар министрінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп, қайтыс болады екен. «Олардың тең жарымы балалар» деді Юрий Ильин. Биылғы көрсеткіш те көңіл көншітпей тұр.

«Қазақстанда жыл басынан бері 45 адам суға кеткен. Суға батқандардың ең көбі – Ақтөбе облысында. Өткен жылы олардың саны 43%-ға азайғанымен, өкінішке қарай, жағдай жақсармай тұр. Соңғы 3 жылда 1 мыңнан астам адам суда қаза болды. Бұл жағдайда ата-аналардың да салғырттығы басым болып тұр. Балаларын қараусыз шомылуға жібереді. Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 69 адам құтқарылды, оның 15-і – бала», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин

Қайғылы жағдайдың көбейгеніне Үкімет басшысы да алаңдаушылық білдірді. «Олқылық шомылу маусымы басталғалы сақтық шараларын тиісті деңгейде атқармаудан болып жатыр»  деді. Премьер-министр Алматы, Абай, Қостанай, Ақтөбе облыстарына бейқамдыққа жол бермеу керек екенін ескертті. Үкімет қабырғасында құрғақшылық мәселесі де көтерілді. Маусым айында еліміздің бес облысында қуаңшылық болатын көрінеді. Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Ақмола, Қарағанды облыстарында ауа райы қолайсыз болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрінің болжамынша, қатты ыстыққа қарамастан астық шығымы жаман болмайтын сияқты.

«Егіннің азды-көпті дәл болжамын жасау үшін өскіннің шығу мерзімін күту керек. Қазір алдын ала факторларды ескергендегі болжам мынадай: бидайды алатын болсақ, жалпы жинау 16 млн теңге деңгейінде болжанып отыр. Астық жаман болмайды», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Қуаңшылық жағдайы шаруалардың ғана емес, астаналықтардың да бас ауыртқан мәселесі болып тұр. Аптап ыстықта бас қалалықтардың сағатқа қарап суға түсіп жүргендеріне бірнеше ай болды. Көпті алаңдатқан түйткілді елорданың бұрынғы әкімі Алтай Көлгіновтен сұрағанымызда жағдайды тапшылықпен байланыстырды.

«Мен Астананың әкімі ретінде 3,5 жыл жұмыс істедім. Осы уақытта шамамен 350 мың адам елордаға көшіп келді. Түсінесіз бе? Халықтың саны миграция және демография есебінен тез өсіп жатыр. Осыны ескеріп, мұндай мәселе болатынын білдік. 2020 жылы сорғы-сүзгі стансасын салдық. Қазір жоба аяқталған. Әкімдік маусымда аяқтаймыз деп жоспарлап отыр», – деді  ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов.

Премьер-министрдің орынбасары жаңа сорғы-сүзгі стансасы іске қосылған соң, тәулігіне 35 мың куб су беріледі деді. Бұл арқылы тапшылықты толығымен жоюға мүмкіндік туады екен.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов , «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров