Уланғандардың жақындары белгісіз зат табиғи газ дегенмен, оқу орнын тексерген мамандар оны жоққа шығарып отыр
Шымкентте 41 мектеп оқушысы мен 4 ересек газдан уланып, ауруханаға түсті. Сабақ барысында мектеп оқушылары өздерін жайсыз сезініп, басы айналып, есінен тана бастаған. Зәресі ұшқан ата-аналар шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген балаларын көріп, психологиялық көмекке жүгінген. Дәрігерлер уланған балалардың 45-ін де қатаң бақылауға алған. Көгілдір отынның мектепке қалай тарағанын, зардап шегушілердің жағдайы жайлы Almaty.tv тілшісі баяндайды.
Ата-аналар қауымы «№54 орта мектепте оқушылар уланды» дегенді естіген бойда оқу ордасына жинала бастады. Әу баста жағымсыз иістен отыз бала, түнде тағы он бес адам, оның ішінде, төрт ересек №6 қалалық ауруханасына жеткізілген. Токсикологиялық бөлімде шұғыл түрде ағзадан улы зат шығарылып, шошынған ата-анаға психологиялық көмек көрсетілді. Уланғандардың жақындары белгісіз зат табиғи газ дегенмен, оқу орнын тексерген мамандар оны жоққа шығарып отыр.
«Біздің мектепке барған зертхана қызметкерлері барлығын тексеріп шықты. Ол жерде газдың иісі анықталмады. Санэпидемиялық орталық зертханасының сарапшылары да барып тексерді. Ол кезде де ешқандай газдың иісі анықталмады», – дейді Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалымжан ӘБІШЕВ.
Басы айналып, есінен танғандардың басым көпшілігі – 4 пен 7-сынып оқушылары. Жалпы саны 41 бала. Тағы төрт ересек – сол мектепте жұмыс істейтін қызметкерлер. Тиісті ем-домнан кейін бәрінің де жағдайы қалпына келіп, үйлеріне жіберіліпті. Алайда, «оқушылардың улануына газ себеп болған жоқ» деген шымкенттік мамандардың пікірін еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин теріске шығарды.
«Бұл жағдайға мектептен 600 метр қашықтықта орналасқан тарату стансасынан табиғи газдың шығуы себеп болған. Шымкенттің газ қызметі газдың таралуын дер кезінде жойды. Сараптама орталығымыздың мамандары стансаның және мектептің аумағында зиянды заттардың болуына бақылау зерттеу жүргізді. Зиянды зат табылған жоқ», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН.
Бүгінде газдың тарау себебін Шымкенттегі құзырлы органдар анықтап жатыр. Оның ішінде, әкімдік өкілдері мен коммуналдық мамандар да бар. Ал уланғандардың жағдайын қалалық денсаулық сақтау басқармасы әлі де бақылауда ұстайтын болады.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы