Тараздағы «Ақсай» базарынан өрт шықты. Куәгерлердің айтуынша, тілсіз жау сауда нысанының екінші қабатынан басталып, 1050 шаршы метр жерді шарпыған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өрт шамамен түскі сағат 13:00 шамасында Ақсай базарының 2 қабатынан тұтанып, лезде сауда нысанының барлық аймағын шарпыған. Алғашында өртті өз еркімен сөндірмек болған саудагерлердің әрекетінен түк шықпапты. Абырой болғанда Төтенше жағдай қызметкерлері оқиға орнына дереу жеткен. 4 адамды қауіпті аймақтан құтқарып, қызыл жалынды сөндірген.
«Өрт орнына біздің қызметкерлер жетіп, 14:57 толық өшірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, көлемі шамамен 1050 шаршы метр», – деді ТЖД басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков.
Сауда нысанындағы тауарлардың басым бөлігі мақта мен мата болғандықтан өртті бірден сөндіру оңай болмаған көрінеді. Жауаптылардың сөзіне сенсек, оқиға орнында тіркелген адам шығыны жоқ. Ал апаттан тауарларының сау тамтығы қалмаған саудагерлер жан айқайымызды билік назарға алады деп сенеді.
«Мен сауда орнымда отырғанмын. Айналамдағылар су беріңдер, өрт шықты деп шулап кетті. Бәрі өрттті сөндіруге әрекет жасады. Өрт сөндірушілер келгенде «Ақсайдың» жартысы өртеін кеткен болатын. Бәрімізде миллиондаған несие бар, қалай болды? Не істейміз? Қайда барамыз?» – деді кәсіпкер Хабиба Ергашова.
Енді өрттің себебін арнайы құрылған топ анықтамақ. Ал құны миллиондаған тауары күлге айналған саудагерлер кімге барып базынасын айтарын білмей отыр.
Жомарт Есқара, Руслан Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан