Елордадағы жарылыс: Зардап шеккендердің үшеуі жан сақтау бөлімінде жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Зардап шегушілердің көпшілігі кафе қызметкерлері көрінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтандағы дәмханадағы жарылыстан зардап шеккендердің үшеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Ол туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Естеріңізге салайық, сенбі күні бас қаладағы кафелердің бірінде орын алған жарылыстан 1 адам қаза тапқан еді. 52 жастағы әйел тамақтану орнында жұмыс істеген. Бұдан бөлек нысанда 35 газ балоны табылған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Өткен сенбіде елордалық дәмханалардың бірінде газ баллон жарылып, Шұбары шағын ауданы тұрғындарын үрейлендірді. Төтенше оқиғадан зардап шеккен  23 адам елорададағы №1 және №2 көпбейінді ауруханаларға жатқызылған. Қалған 11 адам ауыр емес түрлі  жаратақаттарымен емделу үшін үйлеріне жіберіліпті. Зардап шегушілердің көпшілігі кафе қызметкерлері көрінеді.

«Пациенттердің көбісі түрлі дәрежедегі термиялық күйіктермен, орта дәрежедегі газбен улану және политравмамен емдеуге жатқызылды. Бір науқас – травматология бөлімшесінде жамбас сүйегінің жабық сынығмен, ал қалғандары №1 көп бейінді қалалық ауруханасында комбиостиология бөлімшесіне жатқызылды. Жан сақтау бөлімінде жатқан бір науқас өте ауыр жағдайда, қалған екеуі  ауыр жағдайда», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардаққызы.

Ал, төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері 2 қабатты коттеджге жапсарлас салынған ғимараттың 100 шаршы метр көлеміндегі қабырғалары және шатыры құлағанын анықтады. Құтқарушылар апат орнынан 35 газ баллонын алып шыққан және 1 адамды құтқарған. Ол үйіндінің арасынан шығарылған 1998 жылы туған қыз бала.  Бойжеткен жабық ми  зақымын алыпты.  Қазір уақытта жарақатына қарай, тиісті ем-дом жасалып жатыр.

«Өкінішке орай,  оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқаратын 1968 жылғы туылған әйел адам қаза тапты. Сондай-ақ, жарылыс салдарынан 3 автокөліктің  зақымдалғаны белгілі болды. Газ қондырғыларын пайдалану және  оның қауіпсіздік жаралары туралы  түсіндіру жұмыстарын біз үнемі  жүргізіп тұрамыз. Бірақ бұдан кейін тексерістер одан сайын күшейтілетін болады, әрине. Бұл туралы министр де бүгін аппараттық отырыста арнайы тапсырма берді», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Ал, қала әкімі Алтай Күлгінов қайтыс болған әйелдің отбасына көмек көрсетілетінін айтып, қазіргі таңда комиссия құрылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, елордадағы қоғамдық тамақтану орындарындағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қатаң тексерілмек.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар министрлігі оқиғаның себеп-салдарын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Бір белгілісі, «өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Егер дәмхана иесінің кінәсі анықталатын болса, онда оны 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Новости партнеров