Солтүстік Қазақстанда коронавирус жұқтырып, қалалық ауруханада қайтыс болған әйелдің туыстары кінәлі адамдардың жазалануын талап етеді. Жақындарының сөзінше, науқас әйелдің бір ауруханадан екіншісіне жеткізілгеннен кейін жағдайы нашарлап, ауруы асқынып кеткен екен. Оқиғаның мән-жайымен Almaty.tv тілшісі танысып қайтты.
Павел Притолюк – марқұмның баласы. Анасы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмған. Павелдің сөзінше, бұл ауруханада науқастар үшін тиісті жағдай жасалмаған. Мәселен, бір палатаға 6 адамнан жатқызып, оларға дұрыс күтім көрсетпеді дейді. Қазіргі уақытта Павел аудандық аурухананы жауып, науқастарды Петропавлға көшіру туралы шешім қабылдаған адамдарға өкпелі.
«Қызылжар ауруханасында менің анама сапалы көмек берді деп айта аламын. Дәрігерлер анамды ауыр жағдайдан құтқарды. Анамда гипоксиясы болды, яғни бұл өте қауіпті ауру. Біз бәрі өлімге алып келеді деп ойлаған да жоқпыз. Бірте-бірте оның жағдай жақсара бастаған, тәбеті ашылып, өмірге деген құштарлық, жаттығуға жасауға ниеті пайда болды. Ол арнайы жаттығу терапиясына бара бастады. Алайда анамды басқа ауруханаға көшіру туралы бұйрық барлығын бұзды», – деді марқұмның баласы Павел Притолюк.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қателік кеткенін мойындайды. Себебі бірқатар ережелердің бұзылғаны анықталған.
«Қызылжар аудандық әкімшілігінің шешімімен тыныс алу жетіспеушілігі бар ауыр науқастарды тасымалдау кезінде бірнеше ережелердің бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, науқастарды УАЗ жедел жәрдем көлігінде тасымалдаған. Тасымалдау кезінде көлікте бір уақытта 6 пациент пен фельдшер болған. Ешқандай оттегі аппараты болған жоқ. Ережелерге сәйкес, осындай кезде, бір көлікте қарқынды терапия дәрігері, оттегі аппараты мен 1 науқас ғана болуы керек еді», – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов.
Мәселенің мән-жайын анықтау барысында кейбір дәрігерлер бұл оқиғаға Қызылжар аудандық ауруханасының бас дәрігері Александр Құдайбергеновті кінәлайды.
Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Ал, кімге қандай жаза қолданылатынын кейін белгілі болмақ.
Диана Есім